Астанада мемқызметкерлердің жұмыс уақыты ертерек басталады
Бұл өзгеріс қаладағы таңғы қарбалас уақытта көлік қозғалысын жеңілдету үшін жасалып отыр, деп хабарлады әкімдік.
15 қыркүйектен бастап коммуналдық қызмет, әкімдік пен бірқатар мемлекеттік мекеме қызметкерлері жұмысын таңғы 7:30-дан бастайды. Ал кейбір ведомстволар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының жұмыс күні 7:30 бен 8:00 аралығында басталады.
Жеке кәсіпорындар, әлеуметтік нысандар, мектептер мен ауруханалар бұрынғы кесте бойынша жұмыс істей береді.
Сонымен қатар автотұрақ тәртібіне бақылау күшейтіледі. Ережені бұзып қойған көліктер айыптұраққа жеткізіледі.