24 қыркүйектен бастап дүкендер 5 000 теңгеңізді қабылдамайды: не істеу керек?
2025 жылдың 24 қыркүйегінен кейін 2011 жылғы үлгідегі 5000 теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болмайды. Дегенмен, оларды кез келген уақытта жаңа ақшаға айырбастауға болады.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, ескі купюралар бірден жарамсыз болып қалмайды. Банктер мен “Қазпошта” оларды халықтан қабылдап, Ұлттық банктің өңірлік филиалдарына өткізеді.
“Бір-екі жылдан кейін де қолыңызда ескі купюра қалса, облыстық филиалға әкеліп, толық құнына айырбастай аласыз”, – деді ол.
Атап өту керек, банктер мен “Қазпошта” үш жыл бойы ескі ақшаларды жаңасына ауыстырады. Ал Ұлттық банк филиалдары ескі 5000 теңгелікті мерзімсіз қабылдай береді.
Жаңа “сақ стиліндегі” 5000 теңгелік банкноттар алғаш рет 2023 жылдың желтоқсанында шығарылып, 2024 жылдың наурызынан бастап жаппай қолданысқа енді.