Жаңалықтар

Жамбылда 14 жастағы оқушы жүкті болып шықты

Байзақ ауданында 9-сыныпта оқитын 14 жасар қыздың жүкті екені анықталды. Алғаш болып оның анасы байқаған: қызының түр-тұлғасындағы өзгерістерден күдіктеніп, УДЗ-ге апарған. Тексеру кезінде ананың қорқынышы расталды.

Бұған дейін қыз әкесімен бірге тұрған, ал анасы басқа шаңырақ құрған екен. Қазір ол анасымен көрші ауылға көшіп барған.

Жүктілігі ресми тіркелгеннен кейін бұл жайт мектепке де белгілі болды. Екі тараптың ата-аналары түсініктеме беруге шақырылды.

Білім бөлімі өкілдерінің айтуынша, жасөспірімге психологтар көмек көрсетіп жатыр, денсаулығы да бақылауда. Құзырлы органдар оқиғаның себептері мен жағдайын анықтау үшін тергеу жүргізуде.

Сонымен қатар ведомство аудан көлемінде ерте жүктіліктің алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанын, «ешқандай шара қолданбай отыр» деген әңгімелердің шындыққа жанаспайтынын айтты.