Аутизмі бар жасөспірім 2 жасар баланы лақтырып жіберген
Алматыда аулада ойнап жүрген 2 жасар баланы 13 жастағы жасөспірім көтеріп, лақтырып жіберген оқиға қоғам назарын аударды. Бұл туралы бүлдіршіннің анасы әлеуметтік желіде жазба жариялап, бейнебақылау камерасына түскен видеосын таратты.
Анасы Зарина Сапардың айтуынша, оқиға 23 тамыз күні кешкі сағат 20:15 шамасында болған. Оның сөзінше, ауладағы балалардың арасында жүрген 13 жасар жасөспірім кішкентай баланы көтеріп, жоғарыға лақтырып жіберіп, өзі қашып кеткен.
Зардап шеккен бала дереу жедел жәрдеммен №2 қалалық балалар ауруханасына жеткізілген. Анасының айтуынша, дәрігерлер тек рентгенге түсіріп, қолын таңып берген. «Толық тексеру жасауды сұрасам, басына зақым түспегенін айтып, жіберіп қойды», – деп жазды ол.
Жәбірленушінің анасы полицияға да шағымданған. Бірақ ол тәртіп сақшыларының әрекетіне көңілі толмайтынын жеткізген.
«Бір-біріне сілтеп, нақты жауап бермеді. Ақыры арыз қабылданбайды, себебі 13 жасар балаға сот ісі жүрмейді деді», – дейді әйел.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл дерекке қатысты түсініктеме берді.
«Аталған дерек бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар, жасөспірімді тәрбиелеу бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін оның ата-анасы жауапкершілікке тартылды», – делінген ресми хабарламада.
Бүлдіршіннің анасы әлеуметтік желі арқылы әділдік іздеп, қоғамнан қолдау сұрап отыр. Айтуынша, әр баланың құқығы тең қорғалуы тиіс, ерекше бала болсын, сау бала болсын – ешкімнің өміріне қауіп төнбеуі керек.
Басқа да ресми органдарға newsroom.kz редакциясы сауал жолдады. Істің анық-қанығынан хабардар болу үшін сайтты бақылап отырыңыз.