Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың тамыз конференциясы өтті
23 тамыз күні Алматы қаласында «ALATAU» Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың құрылтайшылары, басшылары мен педагогтерінің тамыз конференциясы өтті
Конференция «Білім келешегі: адал азамат – кәсіби маман» ұранымен ұйымдастырылып, негізгі тақырыбы — жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардағы өзін-өзі реттеудің тиімділігі болды.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Оқу-ағарту министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері, Алматы қаласы мен облысының білім басқармалары мен сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің басшылары, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары, сонымен қатар республика бойынша жекеменшік балабақшалардың құрылтайшылары, директорлары және педагогтері қатысты.
Конференцияның басты мақсаттары:
- Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардағы қызмет сапасын арттыру;
- Білім беру саласында өзін-өзі реттеу тетіктерін дамыту;
- Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту және тұрақты сапаға қол жеткізу жолдарын қарастыру.
- Бағдарлама аясында көтерілген негізгі тақырыптар:
- Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамытудың басым бағыттары;
- Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің мүмкіндіктері;
- Жекеменшік ұйымдардағы өзін-өзі басқару және сапаны бағалау тәжірибесі;
- Санитарлық нормаларды енгізу ерекшеліктері;
- Жеке сектордың тұрақты дамуы мен инновациялық басқару модельдері.
Конференция барысында қатысушылар пікір алмасып, өзекті мәселелерді талқылады. Іс-шара соңында нақты ұсыныстар қабылданды. Сонымен қатар, «Жекеменшік мектепке дейінгі білім берудегі басқарудың инновациялық модельдері: тиімділікке жол» атты көрме ұйымдастырылды.
Модераторлар:
- Адамова Манара Елекенқызы, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры;
- Батырбекова Күләнда Уәлиханқызы, «Асыл Ұрпақ қауымдастығы» өзін-өзі реттейтін ұйымының президенті.
Бұл конференция жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың тұрақты дамуына, сапаны арттыруға және білім беру саласында өзін-өзі реттеудің тиімді тәжірибесін қалыптастыруға маңызды үлес қосты.