Мүгедек күйеуін өлтіру үшін киллер жалдаған әйел қамалмайтын болды
Тергеу нұсқасына сәйкес, былтыр Еркебаева бұрынғы күйеуі Ербол Еркебаевты өлтіру үшін екі миллион теңгеге киллер жалдамақ болған. Қылмысты жүзеге асыруға оған 33 жастағы Кузнецов көмектесіп, тапанша тауып, ер адамды өлтіруі тиіс еді. Алайда жоспар іске аспады.
Сот барысында Ербол Еркебаевтың 20 жыл бойы бұрынғы жұбайына қатты психологиялық қысым көрсетіп, қуғындап, қорлағаны анықталды. Соған қарамастан, өзі сотта бірнеше рет «жәбірленушімін деп есептемеймін, бұрынғы әйеліме еш шағымым жоқ» деді.
Эркебаев екі аяғынан айырылған мүгедек. Бұл істі екінші құрамдағы алқабилер қарады. Біріншісі прокурор Доспол Жұбановтың өтініші бойынша таратылған еді. Прокурор Дина Ізтлеуова сот жарыссөзі кезінде айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді деп, Еркебаеваны 7,5 жылға, ал Кузнецовты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
Алайда, бүгін бір жылға созылған сот проццесі аяқталып, Батыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотта Эльвира Еркебаева мен Максим Кузнецовқа қатысты басқа үкім шықты.
Сот отырыстары 2024 жылдың тамызынан бері жалғасып келген. Істі екі мәрте алқабилер қарады. Соңғы сөзінде Еркебаева қазылар алқасынан әділ шешім шығаруды өтініп, егер кешірім жасалса, балаларымен бірге болатынын айтты. Ал Кузнецов ата-анасынан кешірім сұрап, олардың сенімін ақтай алмағанын көзіне жас алып жеткізді.
Алқабилер кеңесу бөлмесіне кеткен соң, судья Динара Гильманова үкімді жариялады.
Айыпталушылар қаруды заңсыз алу, сақтау және өткізу бабы бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл шартты жазаға кесілді. Олар сот залынан бостандыққа шықты. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Соттан кейін Еркебаева журналистерге анасына баратынын айтып, өзіне қолдау білдіргендерге алғыс айтты. «Әділет бар екен, ол орнады» деді ол. Кузнецов та өзіне сенгендерге ризашылығын жеткізді.