Шерзат Болаттың отбасына жаңа үй салынып жатыр
Жаңа баспананы қазан айының ортасына дейін аяқтау көзделуде.
Қайтыс болған Шерзат Болаттың отбасына жаңа үй тұрғызылып жатыр. Бұл туралы отбасының адвокаты Мейіржан Шекеев хабарлады. Оның айтуынша, құрылыстың қаржылық шығынын түгелдей Асқар есімді меценат көтерген. Ол бастапқыда көмегін жария еткісі келмеген екен. Өткен жылдың қазан айында отбасының үйі өртеніп кеткен. Сол кезде отбасы полицияның қорғауына алынып, қылмыстық іс қозғалды. Енді, арада бір жыл өткен соң, Қаржаубаевтар үшін жаңа баспана бой көтеруде.
«Шын мәнінде батыр адам. Бірақ халық өз батырларын білуі керек. Алматы облысы әкімдігі құрылыс жұмысының соңына дейін жеткізілетініне, сондай-ақ құжат рәсімдеуге қолдау көрсететініне уәде берді», — деді Шекеев.
Құрылысты Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі қадағалап отыр. Ал барлық шығын мен материалдарды демеуші қамтамасыз етуде. Жаңа үйге қазанның ортасында қоныстану жоспарланған.
Еске сала кетейік, былтыр 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында жасөспірімдер арасында жанжал шығып, екі бала жараланған болатын. Солардың бірі — 16 жастағы Шерзат Полат ауруханада көз жұмды. Полиция күдіктілерді ұстап, істі ерекше бақылауда ұстайтынын мәлімдеген. Алайда бұл оқиға отбасы үшін үлкен қайғының басы ғана болғаны кейін белгілі болды. Кейін Шерзат Болатты өлтірген қылмыскерге 23 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.