«Нұр Әлем» шары Астана әкімдігіне тегін берілді
2024 жылы әйгілі «Нұр Әлем» сферасы елорда әкімдігіне берілді. Бұл туралы ақпаратты QazExpoCongress компаниясы жылдық есебінде келтірген.
Астана әкімдігінің қаулысымен QazExpoCongress компаниясы ЭКСПО-2017 көрмесіндегі ең танымал нысан – «Нұр Әлем» сферасын құрылыс басқармасына тегін тапсырды. Құжатта нысанның жалпы аумағы 37,8 мың шаршы метр екені, ал баланстық құны ҚҚС-пен қоса есептегенде 86,7 млрд теңгені құрайтыны көрсетілген. Ғимарат мемлекеттік субсидия есебінен салынған.
Мамандар нысанның құрылыс басқармасына берілуін ғимаратты қайта жөндеуден өткізіп, бұрынғы «Болашақ энергиясы» музейін Alem.AI жасанды интеллектінің халықаралық орталығына айналдыру жоспарымен байланыстырады.
Сфера 2024 жылдың желтоқсанынан бастап келушілерге жабық. Жоспар бойынша мұнда музей, жасанды интеллект зертханалары, бірнеше мектеп, стартаптарға арналған кеңселер және мемлекеттік процестерді талдап, басқаруға арналған ситуациялық орталық орналасады.
QazExpoCongress компаниясы EXPO-2017 көрмесін өткізумен айналысқан, ал көрме аяқталғаннан кейін оның нысандарын пайдалану құқығына ие болған. 2025 жылдың мамырында Үкімет QazExpoCongress компаниясының 100% мемлекеттік акция пакетін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қарамағына өткізді.