«Кітап оқитын ұлт»: Қарағанды облысында жоба басталмақ
Қарағандыда «Кітап оқитын ұлт» мәдени-ағартушылық жобасы таныстырылды,- деп хабарлайды newsroom.kz
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында халықтың әртүрлі топтарын кітап оқу мәдениетіне тартуға бағытталған байқау бастау алады. Байқау 6 бағыт бойынша өткізіледі:
- Кітап оқитын мектеп;
- Кітап оқитын колледж;
- Кітап оқитын университет;
- Кітап оқитын педагог;
- Кітап оқитын әулет;
- Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер
Әрбір бағыт үшін сарапшылар мен тиісті сала өкілдерінің ұсыныстары бойынша әр бағытқа сәйкес 15 кітаптан тұратын тізім әзірленді. Жалпы тізімге «100 кітап» Жалпыұлттық сауалнама нәтижесінде таңдалған шығармалар енді.
«Кітап оқитын мектеп» бағытында 6-10 сынып оқушыларына арналған әр бір сыныпқа 15 кітаптан, жалпы 75 кітап тізімі дайындалды.
«Біздің миссиямыз – Қазақстанды әлемдегі ең көп оқитын он елдің қатарына қосу. «Кітап оқитын ұлт» жобасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың рухани ағартушылық пен елдің зияткерлік дамуына бағытталған стратегиясы аясында жүзеге асырылуда. Біз барлық жастағы топтардың қызығушылықтарын ескеріп, шабыттандыратын және жеке тұлғаның дамуына ықпал ететін кітаптар ұсындық», — деп атап өтті А. Сакошев.
Байқау 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың наурызына дейін жалғасады. Әрбір бағыттағы жеңімпаздар келесдіей жүлделерге ие болады:
• 1-орын: 1 000 000 теңге
• 2-орын: 600 000 теңге
• 3-орын: 400 000 тенге
Байқаудың негізгі ұйымдастырушылары:
• «AMANAT» партиясы;
• «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» Қоғамдық қоры;
• Қарағанды облысының әкімдігі;
• Бас демеуші – Alageum Electric компаниясы, ал аймақ бойынша серіктес – «RGB Grouр» компаниясы болып табылады.
Айта кетелік, жоба 2025 жылы Қарағанды облысының тұрғындарының зияткерлік әлеуетін дамытуға және оқуға деген тұрақты әдетті қалыптастыруға ықпал ете отырып, 45 мыңнан астам тұрғынды қамтуды жоспарлап отыр.