Жаңалықтар

Қазақ балы Еуропаға жол тартты: алғашқы 20 тонна Венгрияға жөнелтіледі

Қазақстанда өндірілген табиғи балға Еуропа елдері қызығушылық білдіріп отыр. Венгрияның екі жетекші компаниясы – Aranynektár Kft және Fulmer Hungarian Honey Ltd – отандық өндірушілермен тікелей әріптестік орнатуға дайын екендерін жеткізді, деп хабарлайды newsroom.kz портплв ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

«QazTrade» ұлттық экспортты ілгерілету орталығының бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров осы компаниялардың өкілдерімен келіссөз жүргізді. 2001 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан венгриялық Aranynektár Kft жылына 4 мың тоннаға дейін балды қайта өңдеп, оны Еуроодақ елдеріне, Таяу Шығыс пен Азияға шығарады. Компания мамандары қазақстандық балдың сапасын жоғары бағалап, оны сатып алуға мүдделі екендерін айтты.

Сондай-ақ, Fulmer Hungarian Honey Ltd компаниясымен де жеке кездесу өтті. Ғасырлық тарихы бар бұл отбасылық кәсіп бүгінде Еуропадағы ең ірі органикалық омарта өнімін өндірушілердің бірі саналады. Компания бүгінде өнімін 40-қа жуық елге жеткізеді. Кездесу барысында компания директоры Ференц Фулмер қазақ балының табиғилығы мен ерекше дәмін ерекше атап өтті.

«Қазақстандық бал Еуропа нарығында өзіндік орнын таба алады. Оның басты артықшылығы – экологиялық тазалығы. Біз Венгриямен тұрақты серіктестік орнаттық. Бұған дейін осы елде ҚР Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен сауда-экономикалық миссия ұйымдастырылған болатын. Қазір Венгрияда QazTrade-тің серіктес кеңсесі жұмыс істеп тұр. Ол қазақстандық өндірушілерге тікелей қолдау көрсетіп, жергілікті компаниялармен байланыс орнатуда», – деді Айтмұхаммед Алдажаров.

Келіссөз нәтижесінде алғашқы 20 тонна қазақстандық балды жеткізу жоспарланды. Қазіргі таңда Венгрия зертханаларында 80-нен астам бал үлгісі тексерістен өтуде.

QazTrade мәліметінше, 2024 жылы қазақстандық бал экспорты $1,58 млн-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 57%-ға артқан. Бүгінде қазақ балы Қытай, Канада, АҚШ, Сауд Арабиясы, БАӘ және өзге де елдердің дүкен сөрелерінен орын тапқан.