Баланы мектепке дайындау: мемлекеттен көмекті қалай алуға болады
Жаңа оқу жылы қарсаңында қолдауға мұқтаж қазақстандық отбасыларға мемлекеттен қаржылай көмек көрсетіледі. Оқу-ағарту министрлігі кімдер жәрдемақы ала алатынын, қандай құжаттар қажет екенін және ақшаның қанша уақыт ішінде берілетінін түсіндірді.
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов оқу жылы басталмай тұрып, қолдауға мұқтаж барлық балаға дер кезінде әлеуметтік және материалдық көмек көрсетуді тапсырған еді. Үкімет басшысының айтуынша, биыл бұл мақсатқа 23 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Бұл сома кемінде 500 мың баланы қамтуға мүмкіндік береді.
Көмек алғандар кімдер?
Министрліктің дерегінше, қазіргі таңда 430 мыңнан астам бала қолдау алды. Бұл – жоспарланған көрсеткіштің 87 пайызы.
Жәрдемақыға мына санаттағы балалар ілігеді:
- жетімдер;
- ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар;
- аз қамтылған отбасынан шыққандар;
- атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- өмірлік қиын жағдайда қалғандар.
Астана мен Шымкентте қаражат толық көлемде төленген.
«Өңірлер де белсенді жұмыс істеп жатыр. Ақша ата-аналардың есепшотына түсіп жатыр. Бірақ ата-аналар қаржының мақсатты жұмсалғанын құжатпен растауы тиіс. Өтініш жазу жеткілікті», – дейді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Әр балаға берілетін қаржы көлемін жергілікті мәслихат шешімі анықтайды, бірақ ол 46 228 теңгеден төмен болмауы тиіс.
Қалай рәсімделеді?
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің түсіндіруінше, бұл мемлекеттік қызмет заңмен және министрдің бұйрығымен реттеледі.
«Қызмет тек өтініш негізінде көрсетіледі. Яғни ата-ана қағаз түріндегі өтінішпен мектепке бара алады», – дейді комитет өкілдері.
Өтініштер дүйсенбіден жұмаға дейін, сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін (түскі үзіліс 13:00–14:00), демалыс және мереке күндерін қоспағанда қабылданады. Қызмет көрсету мерзімі – бір жұмыс күні.
Қажетті құжаттар
Материалдық көмек алу үшін мына құжаттар қажет:
- қағаз түрінде жазылған өтініш;
- жеке куәлік немесе цифрлық құжаттар сервисіндегі электронды нұсқасы;
- баланың (балалардың) туу туралы куәлігі немесе электронды көшірмесі (егер деректер базаға енгізілмесе немесе бала шетелде туған болса);
- неке қию/бұзу туралы куәліктің көшірмесі (егер дерек ЗАГС жүйесінде жоқ болса);
- егер ата-ана қорғаншы болса – қамқоршылық немесе патронат туралы ресми шешім;
- төтенше жағдай кезінде – апат, зілзала салдарын зерттеу актісі;
- отбасының тұрмыстық жағдайы туралы акт (қамқоршылық кеңестің шешімін қабылдау үшін).
Сонымен қатар ата-ана өзінің жәрдемақы алушы санатына жататынын растауы керек. Қалған санаттар бойынша деректер автоматты түрде «E-halyk» жүйесі мен ұлттық білім беру деректер базасы арқылы тексеріледі.
Қосымша мәлімет
2025 жылдың басынан бері көпбалалы отбасыларға 354 млрд теңгеден астам әлеуметтік төлем төленді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.