Қытайда көпір құлап, 12 адам көз жұмды
Қытайдың солтүстік-батысындағы Цинхай провинциясында салынып жатқан көпірде апат болып, 12 адам қаза тапты, тағы төртеуі із-түзсіз жоғалды. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады.
Қайғылы жағдай жұмаға қараған түні орын алған. Теміржол бойындағы көпір құрылысы кезінде тростар үзіліп, ұзындығы 108 метр болатын негізгі болат құрылым құлаған. Сол сәтте нысанда 16 жұмысшы болған.
Құтқару жұмыстарына 800-ден аса маман, 90-нан астам техника, 27 қайық, бір тікұшақ және бес робот жұмылдырылды. Жергілікті алты аурухана зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету үшін «жасыл дәліз» ашқан.
Хабар түсе салысымен ҚХР Төтенше жағдайларды басқару министрлігі арнайы жұмыс тобын жолдап, құтқару операциясын үйлестіруге кірісті. Ведомство жоғалған жұмысшыларды табуға және суға құлағандарды іздестіруге бар күш салынатынын мәлімдеді.
Апат болған көпір болат аркалы үлгіде салынып жатқан еді. Негізгі өткелді осы айдың соңына дейін жабу жоспарланған болатын.