Тоқаев: Қазақстан Қырғызстан экономикасына 1,4 млрд доллар инвестиция құйды
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық инвесторлардың Қырғызстан экономикасының маңызды салаларына белсенді үлес қосып отырғанын атап өтті. Бұл туралы ол Қырғыз Республикасына жасаған ресми сапарында айтты.
Соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстан Қырғызстанға 1,4 млрд доллар көлемінде инвестиция құйған. Оның ішінде әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды жобалар да бар.
«Біз ортақ кәсіпорындардың табысты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға уағдаластық. Сондай-ақ қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу қабілетін арттыруға ерекше көңіл бөлдік. Жүк тасымалы мәселесі де назардан тыс қалмады. Соңғы уақытта осы бағытта бірқатар ірі қадам жасалды. Қазір шекарадағы сегіз өткізу бекеті жаңғыртылып жатыр. Бұл жұмыс алдағы екі жыл ішінде толық аяқталмақ. Екі елдің үкіметтері оны жіті бақылауда ұстап отыр. Мұның бәрі өзара сауда айналымын ұлғайтуға ықпал етеді», – деді Президент.