Маңғыстауда дәрігерлер бет тартылуын тоқтататын сирек ота жасады
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының нейрохирургтары сирек кездесетін ота түрін сәтті орындады.
Дәрігерлер гемифациалды спазм диагнозы қойылған 47 жастағы науқасқа операция жасады. Бір жарым сағатқа созылған отаны нейрохирургтар Думан Мырзабеков пен Ақниет Оңайбаев, анестезиолог Қарлығаш Шадиева жүргізді.
– Ота алдында науқастың миына МРТ жасалып, бет жүйкесі мен тамырдың жанасқан жері анықталды. Біз сол аймақтағы қысымды азайтып, жүйкені босаттық. Соның арқасында бұлшықеттердің еріксіз жиырылуы тоқтайды. Мұндай ота біздің ауруханада биыл екінші рет жасалып отыр, – деді нейрохирург Думан Мырзабеков.
Операциядан кейін науқас өзін жақсы сезінетінін айтып, алғысын білдірді.
– Ұзақ уақыт бойы бетім жыбырлап, қол-аяғым тартылып қатты қиналдым. Әр түрлі ем қабылдадым, бірақ нәтиже болмады. Ақыры осында келіп, білікті дәрігерлерге қаралдым. Күрделі ота жасалды, қазір жағдайым жақсы. Алдымен Аллаға, кейін ақ халатты абзал жандарға алғысымды айтамын, – деді ол.