Жаңалықтар

2026 жылы қымбатшылық біз күткеннен де қатты болады

Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың қорытындысын жариялады.

Мұнай бағасы және экономикалық өсім
Тамыз айында өткен сауалнамада сарапшылар Brent маркалы мұнай бағасына қатысты болжамдарын қайта қарап, сәл көтерді. 2025 жылға барреліне орташа бағасы 68,9 доллардан 69,5 долларға өсті. 2026 және 2027 жылдары да мұнай құны барреліне 69,5 доллар шамасында сақталады деп болжанып отыр (бұрын – тиісінше 69,0 және 68,5 доллар).

Экономика өсіміне қатысты да оң өзгерістер бар. 2025 жылы елдің ішкі жалпы өнімінің өсу қарқыны 5,1%-дан 5,2%-ға дейін көтерілді. 2026 жылы өсім 4,7% деңгейінде болады деп күтілуде (бұрын – 4,6%). 2027 жылға болжам 4,4% шамасында сақталды.

Инфляция және базалық мөлшерлеме
Сарапшылардың айтуынша, алдағы екі жылда инфляция күткеннен сәл жоғары болады. 2025 жылы инфляция 11,3%-ға жетеді деп болжанып отыр (бұрын – 11,0%), ал 2026 жылы – 9,5% (бұрын – 9,0%). 2027 жылы инфляциялық қысым азайып, болжам 7,0%-дан 6,5%-ға дейін төмендетілді.

Базалық мөлшерлемеге қатысты болжамдарда 2025 жылдың соңына дейінгі көрсеткіш өзгеріссіз – 16,5% деңгейінде қалды. 2026 жылға болжам 14,0%-дан 14,3%-ға көтерілсе, 2027 жылы инфляцияның бәсеңдеуіне байланысты мөлшерлеме 11,8%-дан 11,3%-ға дейін төмендеуі мүмкін.