Жаңа оқу жылы қарсаңында пәтер жалдау ақысы 20 пайызға өсті
Тамыз айында пәтер жалдау бағасы мамырмен салыстырғанда 20%-ға қымбаттады. Мұндай деректерді OLX.kz сайтының талдау қызметі келтіріп отыр. Бағаның өсуі студенттердің демалыстан оралып, ірі қалаларға ағылуымен байланысты басталды,- деп хабарлайды newsroom.kz
OLX.kz мәліметінше, әр тамызда Қазақстанның ірі қалаларында студенттердің «пәтер іздеу науқаны» басталады. Мыңдаған студент демалыстан оралып, жалға алу нарығына шығады. Тұрғын үй жалдауда студенттер көбіне хостелдерден орын брондағанды немесе пәтерді жалдап, бірнеше адам бірігіп тұрғанды жөн көреді. Жалпы ел бойынша пәтер мен хостелге сұраныс артқан.
Алматы
Тамызда бір бөлмелі пәтерлер ең көп ізделген нұсқаға айналды – 12 мың сұраныс. Олардың бағасы бір айда 6%-ға (10 мың теңгеге) өсіп, 160 мың теңгеге жетті. Екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс 8,9 мыңға дейін азайды, ал бағасы бұрынғы деңгейде қалды – 200 мың теңге. Үш бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы бірден 20%-ға өсті – 200 мыңнан 250 мың теңгеге дейін.
Астана
Астанада бір бөлмелі пәтерлерге сұраныс орта есеппен 27%-ға артты. Дегенмен олардың орташа бағасы 140 мың теңге көлемінде сақталды. Ал екі және үш бөлмелі пәтерлердің бағасы 10–12%-ға көтерілді. Бұл пәтерлердің жалға беру бағасы Алматыдағы деңгеймен бірдей.
Шымкент
Бұл қалада көбіне екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары. Сұраныс саны 800-ге өсіп, 3,8 мыңға жетті. Екі бөлмелі пәтерлердің бағасы 10 мың теңгеге қымбаттап, медиандық жалдау ақысы – 149 мың теңгені құрады. Бір бөлмелі пәтерлердің бағасы бірден 15 мың теңгеге өсіп, 120 мың теңгеге жетті. Үш бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы 20 мың теңгеге көтеріліп, 175 мың теңге болды.
Хостелдер
Алматыда хостелдерге сұраныс 30%-ға артты, Астанада – екі есеге жуық өсті. Шымкентте хостелге сұраныс 39%-ға көбейді. Бағасы өзгермеген, тек Шымкентте ғана 10%-ға төмендеген.