Биыл 1 қыркүйек күні Алматыда 12 жаңа мектеп ашылмақ
Алматыда Білім күні қарсаңында қыркүйек айында құрылысы аяқталатын 12 жаңа мектептің ашылуы жоспарланып отыр,- деп хабарлайды newsroom.kz
Алматыда оқушы орнының тапшылығын азайтып, білім беру мекемелерін жаңғыртуға бағытталған «Келешек мектептері» мен «1300 мектепті оңалту» ұлттық жобасы жүйелі түрде іске асып жатыр. Биыл 1 қыркүйекте қалада 12 жаңа мектеп ашылмақ.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов осылай деп мәлімдеді.
Жалпы, «Келешек мектептері» жобасы аясында 34,8 мың оқушыға арналған 21 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде 13 мектеп «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының қатысуымен қолға алынған. Былтыр бір мектеп пайдалануға берілсе, жаңа оқу жылының алғашқы күні тағы 7 мектеп есігін ашады. Бұдан бөлек, тамыз айының соңына дейін тағы 5 мектептің құрылысы аяқталып, қыркүйекте ашылмақ.
«1300 мектепті оңалту» жобасы аясында 2025–2027 жылдарға арналған Алматыдағы 31 білім беру бмекемесінің тізімі жасақталды. 2025 жылы 15 мектепте, 2026 жылы – 9, 2027 жылы – 7 мектепте осындай жұмыс жоспарланған. Алты нысанда құрылыс пен қайта жаңарту жұмысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен «Зерделі» шағынауданында 550 орындық мектеп салына бастады. Наурызбай ауданында 1200 орындық жаңа мектеп сатып алу жоспарланған, ол 2025 жылдың соңына дейін қолданысқа берілмек.
Қалада қосымша 3 мыңнан астам оқушы орны құрылатын 13 мектеп пен 8 қосымша ғимаратты сейсмикалық күшейту және қайта құру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Кейбір нысандар толық жаңарып үлгерді. Оқу жылы басталғанға дейін тағы 4 мектеп пайдалануға беріліп, жыл соңына дейін қосымша 8 мектеп аяқталады. Қалған 8 нысанның жұмысы 2026 жылы жалғасады.
Айта кетелік, 8 балабақша мен Машина жасау және телекоммуникациялар колледжі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ағымдағы жөндеу жұмыстары 188 мектепте, 48 балабақшада, 15 колледжде, 7 интернатта және қосымша білім беретін 4 мекемеде аяқталған. Бұл мақсатқа 1,8 млрд теңге бөлінген.