Жаңалықтар

«90 күн – таза қала үшін»: Алматыда блогер экочеллендж бастады

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Алматыда Сайран көлінің жағалауында ерекше іс-шара өтті,- деп хабарлайды newsroom.kz

Бұл игі бастаманың басында – 20 жастағы жас блогер Дулат Нәбиев тұр. Ол «Вирус» атты әлеуметтік жобасын қолға алып, соның аясында «90 күн – таза қала үшін» атты экочелленджді бастаған болатын. Негізгі мақсаты – жастарды әлеуметтік желі арқылы экологиялық мәдениетке баулу, қала тұрғындарын табиғатты аялауға үндеу.

«Алғашқы күндері бізде тәжірибе де, қажетті құралдар да болған жоқ. Соған қарамастан Алматы көшелерінен қоқыс жинауды бастадым. Алғашқы аптада күн сайын 10 қаптан аса қоқыс шығардық. Әлеуметтік желіде жариялаған соң, халық қолдау білдіріп, бізге қосыла бастады», – дейді ол.

Алғашқыда алты-ақ еріктімен жұмыс істеген жастар бірте-бірте отыздан астам белсенділердің басын қосты. Қазір Дулаттың бастамасына тек Алматы жастары ғана емес, басқа өңірлердің де белсенділері қосылды. Шымкентте екі жүзден астам жас, Жаркентте 150-ге жуық, Жетісайда 100-ге тарта ерікті жобаға атсалысқан. Жалпы төрт қалада жиналған еріктілердің саны 500-ге жеткен.

– Біздің ең басты мақсатымыз – 90 күн ішінде Алматыны ғана емес, еліміздің өзге қалаларын да тазалыққа шақыру. Бұл тек қоқыс жинау емес, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Қала тұрғындарына үлгі болып, табиғатты қорғауға деген сүйіспеншілігін оятқымыз келеді», – дейді Дулат Нәбиев.

Айта кетелік, кей кәсіпкерлер командаға қажетті құрал-жабдықтар сыйласа, Алматы қаласы әкімдігі мен Жастар саясаты басқармасы ұйымдастырушылық тұрғыда қолдау танытқан.