Атырауда ер адам әйелін балалардың көзінше ұрып өлтірді
Атырауда 39 жастағы Ләззат Тасқынбаева қаза тапты. Ол 14 жыл бұрын тұрмысқа шыққан, отбасында екі қыз тәрбиелеп отырған еді.
Марқұмның сіңлісі Майраның айтуынша, соңғы бес жылда күйеуі әйелін үнемі ұрып-соғып келген. Бірақ Ләззат отбасы үшін шыдап, «күйеуім бір күні өзгереді» деп сеніп жүрген.
19 тамыз күні күйеуі тағы да қол көтеріп, қатты ұрған. Бір соққысы төбесіне тиіп, Ләззат дем ала алмай қалған. Бұл сәтті оның қыздары түгел көрді. Олар жылап, «Мама, ояншы, тұршы!» деп анасының қасына жүгіргенімен, ол жауап бере алмады.
— «XXI ғасырда, заманауи, демократиялық елде әйел әлі күнге дейін өзін қауіпсіз сезіне алмай отырғаны қалай? Тіпті өз үйінде де… Ляззаттың артында екі қызы қалды. Үлкені биыл алтыншы сыныпқа барды, кішісі – біріншіге жаңа барған. Соңғы екі жылда Ләззат жұмыс істемей, тек қыздарын бағып-қағуға уақытын арнады. Олар үшін анасынан қымбат жан болмады», — дейді сіңлісі.
Әйел көз жұмған соң күйеуі алдымен жедел жәрдемге емес, өз әпкелеріне хабарласқан. Ал марқұмның туыстары жеткенде, үйдің ішінде күйеуі, оның әпкелері мен балалар, ал сыртта полиция мен дәрігерлер жүрген.
— «Қыздар аналарының жанында жылап отырды: „Мама, сен жай ғана жатырсың ғой, тұршы!“. Бірақ ол енді жауап бере алмады», — дейді Майра.
Қазір екі қыз интернатта, олар психологтың көмегіне зәру.
—«Күйеуі әйелін өлтіргенін түсінгенде, ең алдымен әпкелеріне қоңырау шалды. Кейін солардың өзі: „Бізге мәйіт керек емес, моргтан өздерің алып кетіңдер“ деп қатыгездік танытты. Әйелдің өліміне бейжай қараған бұл немқұрайдылық – сатқындық. Егер біз үнсіз қалсақ, бұл қылмысты ешкім білмес еді.
Бұл – „ұят“ емес, „отбасылық мәселе“ де емес. Бұл – кісі өлтіру. Бұл бүкіл қоғамның жан жарасы. Ләззат жоқ, бірақ оның үні біз арқылы жетуі тиіс. Өйткені менің де үш қызым өсіп келеді. Олардың да болашағы бар. Олар әйел үнсіздікте тұншыққан, күйеуінің қолынан қаза табатын елде өмір сүрмеуі керек», — деді ол.
Атырау облыстық полиция департаменті аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалғанын, күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады.