Жаңалықтар

Ғарыштағы биозертхана: Байқоңырдан тірі ағзалар ұшырылды

Астана уақытымен 22:13-те Байқоңырдан «Союз-2.1б» зымыран-тасығышы ұшырылды. Ол «Бион-М» №2 биоспутнигін орбитаға шығарды. Бұл — ірі медико-биологиялық зертхана.

Аппарат бортында тірі организмдер мен өсімдіктер бар. Олар ондаған ғылыми тәжірибелерге арналады:

▪️ 75 зертханалық тышқан — үш топқа бөлінген, соның ішінде «орбиталық» топ ғарышта 30 күн болады. Олардың қимыл-қозғалысы мен физиологиялық жағдайы камералар және арнайы датчиктер арқылы бақыланады.

▪️ Жәндіктер — дрозофила шыбындары мен құмырсқалар генетикалық және мінез-құлықтық зерттеулерге арналған.

▪️ Шамамен 1500 қызанақ тұқымы — бір бөлігі спутник ішінде, қалғаны сыртқы бетіне орналастырылған. Олар радиация мен температураның қатал жағдайында болады. Жерге қайтқан соң ғалымдар олардың өнуін және ықтимал мутацияларын тексереді.

▪️ Өсімдіктер, балдырлар мен саңырауқұлақтар — мүктер, эхинацея, астық тұқымдастар және микроскопиялық саңырауқұлақтар бар. Ғалымдар салмақсыздықтың олардың ішкі құрылысына және химиялық құрамына қалай әсер ететінін зерттемек.

«Ғалымдар ғарыштың тірі ағзаларға ықпалын — гормондар, иммунитет, көбею үрдістері мен генетиканы — жан-жақты қарастырады. Бұл мәліметтер жаңа дәрі-дәрмек, агротехнологиялар және болашақ ғарыш миссияларына қажетті жаңалықтар жасауға жол ашады», — деп хабарлады Роскосмос.

Миссия 30 күнге жоспарланған. Спутник оралғаннан кейін мамандар «жерлік» және «орбиталық» топтардағы айырмашылықтарды салыстырады. Толық қорытынды деректерді өңдеуден соң жарияланады.