Үш бала көз жұмды: үйлерінің қасында ойнап жүрген балаларды қағып кеткен
Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында жеңіл көлік балаларды қағып кетті.
Алдын ала мәлімет бойынша, балалар үй қақпасының жанында ойнап жүрген. Осы сәтте Toyota маркалы автокөліктің 55 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, оларға соққан.
Салдарынан екі бала оқиға орнында көз жұмды, тағы бірі ауруханаға жеткізілу жолында қайтыс болды. Үш бала түрлі жарақатпен ауруханаға түсті.
Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Полиция ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес іс қозғағанын мәлімдеді. Сараптама жүргізушінің мас болмағанын анықтады.
Оқиға 19 тамыз күні шамамен сағат 16:00-де болған.
Полиция жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтауға, әсіресе тұрғын үйлер мен балалар жүретін жерлерде барынша мұқият болуға шақырды.
⚕️ Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Үржар ауданына Қорғаныс министрлігінің әскери-транспорттық ұшағымен арнайы медициналық бригада (реаниматолог, нейрохирург және травматолог) жеткізілді. Дәрігерлер зардап шеккен балалардың өмірі үшін күресіп жатыр.
Абай облысының әкімі Берік Уәлидің тапсырмасымен қаза болғандардың отбасына жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетіліп, материалдық және психологиялық қолдау жасалмақ.