«ЖОО-ның үздік баспасөз хатшысы» байқауы жарияланды
Қазақстандық жоғары оқу орындарының кәсіби баспасөз хатшыларына арналған жаңа жоба –
«ЖОО-ның үздік баспасөз хатшысы» байқауы бастау алды, – деп хабарлайды newsroom.kz
Бұл байқаудың басты мақсаты – БАҚ және аудиториямен
дұрыс қарым-қатынас жасай алатын, өз университетінің жетістіктерін кәсіби түрде таныстыра білетін үздік
мамандарды анықтап, марапаттау.
Байқаудың кезеңдері
Байқау бірнеше кезеңнен тұрады:
• 1-кезең – Номинация. Университет қызметкерлері өздерінің баспасөз хатшыларын ұсына алады. Байқауға қатысу үшін өтінімдерді info@newsroom.kz поштасына жіберу қажет. Өтінімде үміткер туралы қысқаша ақпарат, оның жұмысына сілтемелер (мақалалар, сұхбаттар) және жеңіске лайық екендігін дәлелдейтін қысқаша сипаттама болуы тиіс.
• 2-кезең – Кейстерді жариялау. Әрбір қатысушы кәсіби тәжірибесін көрсететін кейс ұсынады. Бұл университет қабырғасында іске асқан маңызды жобалар немесе табысты ақпараттық кампаниялар болуы мүмкін. Сонымен қатар,қатысушылар өз жұмыстарын жеке әлеуметтік желідегі парақшаларында жариялап, байқаудың бірегей хэштегін #BestPressofUniversityKZ – қолдануы тиіс. Постта қай номинацияға ұсынылып отырғанын міндетті түрде көрсету қажет.
• 3-кезең – Онлайн дауыс беру. Үміткерлердің жұмыстары newsroom.kz сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланып,
көпшілікке ашық дауыс беру басталады.
• 4-кезең – Қазылар алқасының бағалауы. Медиа-сарапшылар, журналистер және PR мамандарынан құралған әділқазылар
алқасы қатысушылардың кәсібилігін, коммуникациялық қабілетін және шығармашылық көзқарасын бағалайды. Халық дауысы
ескеріледі, бірақ шешуші рөлді қазылар ойнайды.
Номинациялар мен бағалау критерийлері
Байқау бірнеше санат бойынша өткізіледі:
- «Үздік PR жоба» – университет имиджін ілгерілетуге бағытталған ең үздік жоба үшін;
- «Проблемалық жағдайға кәсіби реакция» – дағдарысты жағдайды сауатты шешкені үшін;
- «Үздік контент» – әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы тартымды әрі танымал материалдар үшін.
Негізгі бағалау критерийлері – шығармашылық, ерекше көзқарас, коммуникациялық қабілет, кәсібилік пен жауапкершілік,
сондай-ақ эксперттердің оң бағасы.
Жүлделер мен мүмкіндіктер
Жеңімпаз «ЖОО-ның үздік баспасөз хатшысы» атағына ие болып, арнайы диплом мен танымал PR сарапшысының шеберлік
сабағына қатысу мүмкіндігін алады. Сонымен қатар, номинациялар бойынша үздіктерге оқу сертификаттары, БАҚ-тағы
жарияланымдар мен жарнамалық бонустар табысталады.
Байқауды насихаттау
Жарыс әлеуметтік желілер, жаңалықтар сайттары, университет арналары және қатысушылардың жеке парақшалары арқылы
кеңінен насихатталады.
Айта кетелік, қатысуға өтінімдерді info@newsroom.kz поштасына жіберіп, жұмыстарыңызды жеке парақшаларыңызға #BestPressofUniversityKZ
хэштегімен және ұсынылған номинацияны көрсетіп жариялаңыздар.