«ҚазМұнайГаз» басшысы Тоқаевқа $7,4 млрд-тық зауыт құрылысы туралы баяндады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасеновты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесуде 2025 жылдың қаңтар–шілде айларындағы компанияның қызметі қорытындыланып, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспары таныстырылды.
Асхат Хасеновтың айтуынша, елде құны 7,4 млрд доллар болатын полиэтилен зауытының ауқымды құрылысы басталды. Кәсіпорын іске қосылған соң жылына 1 млн 250 мың тонна өнім өндіретін болады.
«Сонымен бірге Маңғыстау облысында Кендірлі зауытынан алынған алғашқы тұщы теңіз суы Жаңаөзенге жеткізілді. Сондай-ақ қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясының құрылысы жүріп жатыр», – деді Хасенов.
Компания басшысы негізгі көрсеткіштердің де өскенін атап өтті.
Қаңтар–шілде аралығында мұнай мен конденсат өндіру көлемі 15,3 млн тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға артты.
Табиғи және ілеспе газ өндірісі 19%-ға өсіп, 6,7 млрд текше метр болды.
Елдегі мұнай өңдеу зауыттарында 10,4 млн тонна мұнай өңделді. Оның ішінде жеңіл мұнай өнімдері 7,8 млн тоннаға жетіп, былтырғыдан 936 мың тоннаға көп өндірілді.
Мұнай тасымалдау көлемі 49 млн тоннаға жетті. Оның ішінде Германияға – 1,1 млн тонна, Әзербайжанға – 0,9 млн тонна, Венгрияға алғаш рет 85 мың тонна жеткізілді.
Мемлекет басшысы «ҚазМұнайГазға» геологиялық барлау жұмыстарын жалғастырып, ірі жобаларды жүзеге асыруға инвестор тартуды тапсырды.