Марқұмның жақындарының айтуынша, ол жекеменшік ұшақта ұшуды бұрыннан армандаған. 16 тамызда туған күнін атап өткен соң, ертеңіне сағат 17:00-де Төңкеріс ауылы маңында әуе серуеніне жазылған. Ұшар алдында жауын жауып кеткендіктен, рұқсат бермей қоя ма деп алаңдағанын құрбысына хат арқылы жеткізген.
«Шағын ұшақ. Бірақ жаңбыр жауып кетті. Ұшуды тоқтатса, көңілім түседі ғой. Бұл – өзіме туған күнге жасаған сыйлығым еді. Алла қаласа, аман-есен келсем, бәрін айтып беремін», – деп жазған ол.
Әуе серуенін ұйымдастырған компания алдын ала ережелерді түсіндірген: ауа райы қолайсыз болса, ұшуды тоқтатып, басқа күнге ауыстыруға немесе ақшаны қайтаруға уәде берген. Алайда жаңбырға қарамастан ұшақ әуеге көтерілген. Сағат 17:38-де ұшақ апатқа ұшырап, Диана қаза тапты.
Марқұм байланысқа шықпаған соң, балалары анасын іздей бастаған. Таныстары еріктілер арқылы ұшақтың орналасқан жерін білген. Ресми хабарды отбасы кешкісін, тек түнде ғана алды.
Диананың артында 19 жастағы қызы мен 12 және 14 жастағы екі ұлы қалды. Былтыр олардың әкесі қайтыс болған еді. Туыстарының айтуынша, әуе серуенін ұйымдастырған polety_astany компаниясы қаза тапқандардың жақындарымен байланыспаған, тіпті оқиғадан кейін Instagram-парақшасын өшіріп тастаған.
Көлік министрлігі апатқа ұшыраған ұшақтың Aerostar R40F маркалы, борт нөмірі UP-LA229 екенін растады. Қазіргі уақытта арнайы комиссия құрылып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 344-бабы, 3-бөлігіне сәйкес («Әуе көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның қаза табуына әкелу») сотқа дейінгі тергеу басталды.