ЕО көшбасшылары Украинадағы соғыс жайлы пікір білдірді
АҚШ президенті Трамп ЕО басшыларымен және Зеленскиймен өткен бірлескен кездесуде Ресеймен үшжақты келіссөзге жол ашатын уағдаластыққа қол жеткізуге үміт артатынын айтты.
«Мен бүгінгі үстел басына жиналғандардан ықпалдырақ адамдар бар ма, білмеймін», – деді ол.
Трамптың сөзінше, бейбітшілікке қатысты шешім Зеленский мен украин халқының қолында. Ол Мәскеудің Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге келісім білдіргенін жеткізді. «Бір-екі апта ішінде келіссөздерде серпіліс бола ма, соны көреміз», – деді ол.
«Біз араласқан соғыстардың ішінде тек осы ғана қалды», – деп қосты президент.
Еуропа көшбасшыларының негізгі мәлімдемелері:
– «НАТО келісімінің 5-бабына тең кепілдіктерді қамтамасыз ету маңызды», – Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен.
(НАТО жарғысының 5-бабында ұжымдық қорғаныс принципі бекітілген: альянс мүшелерінің біріне немесе бірнешеуіне қарулы шабуыл жасалса, ол барлық мүше елдерге жасалған шабуыл болып саналады.)
– «Келесі кездесуге дейін, ең болмаса, атысты тоқтату жүзеге асса дейміз. Атысты тоқтатпай жаңа басқосуды елестете алмаймын. Ресейге қысым жасайық», – Германия канцлері Фридрих Мерц.
– «Егер біз бейбітшілікке қол жеткізгіміз келсе, бірлікті сақтауға тиіспіз. Ал сіз (Зеленскийге қарап) Италияға арқа сүйей аласыз», – Италия премьер-министрі Джорджа Мелони.
– «Кейбір халықаралық БАҚ неге Финляндия осы келіссөздерге қатысып отыр деп түсінбеуі мүмкін. Біздің Ресеймен ұзын шекарамыз бар әрі өткен қақтығыстар тарихы бар. 1944 жылы шешім тапқанбыз, 2025 жылы да табамыз», – Финляндия президенті Александр Стубб.
Зеленский аумақтық мәселелер үшжақты кездесуде қаралатынын мәлімдеді.
Ал Франция президенті соғысты тоқтату тақырыбын талқылау үшін еуропалық елдердің қатысуымен төртжақты кездесу өткізуді ұсынды.
28 минуттан соң БАҚ үшін ашық бөлігі аяқталып, келіссөздер жабық есік жағдайында жалғасты.