Жаңалықтар

Астана маңында жеңіл әуе ұшағы құлап, екі адам қаза тапты

Ақмола облысында жеке ұшақ апатқа ұшырады. Оқиға Астанадан 55 шақырым жерде болған.

Алғашқы мәліметтерге сәйкес, бортта екі адам отырған. Екеуі де көз жұмды. Оқиға орнында жедел қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр.

ҚР Көлік министрлігінің хабарлауынша, бүгін Aerostar R40F UP-LA229 маркалы жеңіл моторлы әуе кемесі жалпы авиация бағыты бойынша ұшып келе жатып құлаған.

«Әуе апатын тексеру ережелеріне сай арнайы комиссия құрылды», – деді министрліктің баспасөз қызметі.

Министрліктің апаттарды тергеу департаментінің мамандары оқиға орнына аттанды.

Ақмола облысы бойынша көлік полициясы департаменті: «Жеке әуе ұшағының құлау фактісі бойынша ҚК 344-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қаза тапқандар — ұшқыш пен жолаушы», – деп мәлімдеді.

Құлау себептері анықталып жатыр.