Балабақша тәрбиешісі 4 жасар баланы ұрып-соққаны үшін 4 жылға сотталды
Алматыдағы жеке балабақшада 20 жастағы тәрбиеші төрт жасар балаға күш көрсеткені үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Оқиға алты ай бұрын болған. Тәрбиеші баланы ұрып, аузын қолымен жауып, тұншықтырған. Бүлдіршін босап шығуға тырысқанда, оның аяғынан ұстап қалған. Жанында өзге қызметкерлер болса да, ешқайсысы ара түспеген. Жағдай бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Сотта ол баланы «тыныштандыру үшін» осындай қадамға барғанын айтып, көз жасын төгіп кешірім сұрады. «Бұл жағдай маған үлкен сабақ болды. Қайталанбайды деп уәде беремін. Баланы жарақаттағым келмеді», — деді сотталушы.
Тергеу деректеріне сай, ол медресені тәмамдаған соң жеке балабақшаға жұмысқа орналасқан. Үкімге сәйкес, төрт жылға сотталып, он жыл бойы балалармен жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Зардап шеккен баланың әкесі Абылай Рахатов сот шешімін әділ деп санайды:
«Бұл — тек менің балама емес, барлық балаға қатысты. Әр тәрбиеші үшін сабақ болуы тиіс. Мектепке дейінгі ұйымдарда арнайы білімді, психологиялық сынақтан өткен педагогтар жұмыс істеуі керек», — деді ол.
Айта кетейік, тәрбиешінің баланы ұрып-соққаны туралы бейнежазба тарағаннан кейін іс қозғалған болатын.