Берденовке қастандық сәті видеоға түсіп қалған
Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке шабуыл ісі бойынша өтіп жатқан сотта оқиға бейнебақылау камерасына түскен жазба көрсетілді.
Кадрдан Берденовтің жұмыстан шығып, баспалдақпен төмен түсіп, көлігіне қарай бет алғаны көрінеді. Сол сәтте оған қолында мылтығы бар, ақ жейдедегі Ернар Жиембай жүгіріп келіп, оқ атады. Берденов оң жаққа қарай қашып, тығылмақ болады, ал қарулы адам оны қуалайды.
Кейін Жиембайға қарай бір көлік жылдам жетіп келіп, кілт тоқтайды. Жүргізуші сыртқа шығады, осы кезде шабуыл жасаған адам жерге құлайды.
Сотта қылмыс құралы да көрсетілді — Жиембай оқ атқан «Сайга» маркалы аңшы мылтығы.