Жоғалған тікұшақтағы үшінші қызметкердің денесі табылды
Сорбұлақта жоғалған тікұшақтың үшінші экипаж мүшесінің денесі табылды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігі.
Министрліктің мәліметінше, 12 тамызда су астындағы іздеу жұмыстары кезінде көмекші командир, капитан Аман Амангелдінің денесі анықталды.
Осыған дейін, 10 тамызда экипаж командирі – майор Нұржігіт Үйсінбаевтың, 11 тамызда борт технигі – капитан Бахтияр Ержігітовтың денелері табылған еді.
Қорғаныс министрлігі марқұмдардың үшеуі де Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлектері болғанын, әріптестері мен командирлері арасында зор құрметке ие болғанын мәлімдеді.
Су қоймасы мен оған іргелес аумақты тексеру, тікұшақ бөліктерін іздеу жалғасуда. Құлаудың себептерін анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетсек, 25 шілдеде Шымкенттен Алматы облысындағы әскери бөлімге қайтып бара жатқан ӘҚК-нің EC-145 әскери тікұшағы радардан жоғалып кеткен. 26 шілдеде оның сынықтары Сорбулақ су қоймасынан табылды. Бортта үш әскери қызметкер болған.
Іздеу жұмыстарына судың лайлылығы мен көрінудің нашарлығы кедергі келтірді. Су астында көру қашықтығы кей жерлерде жарты метрден аспаған, түбінде төрт метрге дейін лай жиналған.
Тек 9 тамызда ғана 14 метр тереңдіктен тікұшақтың сынықтары мен екі әскери қызметкердің денелері табылды.