Доллар 573 теңге: сарапшылар болжам жасады
Қазақстан қаржы нарығы өкілдері теңге бағамы бойынша болжамдарын күрт төмендетті. Олардың айтуынша, қыркүйек басында доллар шамамен 541,7 теңге, ал бір жылдан кейін – 573 теңге болуы мүмкін. Бұған дейінгі болжамда бұл көрсеткіштер 523,4 және 548,5 теңге деп көрсетілген, деп хабарлады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының баспасөз қызметі.
Қауымдастық болжамның нашарлауын «негізсіз құбылып тұрған валюта нарығы, сауда балансының артықшылығының азаюы, шетел валютасына ішкі сұраныстың артуы және шикізат нарығындағы баға тұрақсыздығы» сияқты факторлармен түсіндірді.
Жаңа болжамға сәйкес, алдағы бір жылда тауар мен қызмет бағасы шамамен 11,3%-ға қымбаттауы мүмкін. Шілдедегі жылдық инфляция болжамы 10,4% болған еді.
Сарапшылардың айтуынша, баға өсімінің жеделдеуі салық жүктемесінің артуынан, бизнес шығындарының (тасымал, логистика, шикізат) қымбаттауынан және теңгенің әлсіреуіне байланысты импорт бағасының көтерілуінен туындауы ықтимал.
Сауалнамаға қатысқан қаржыгерлердің басым бөлігі жақын арада базалық мөлшерлеме өзгермейді деп санайды. Бір жылдан соң ол 15,25% болуы мүмкін. Сондай-ақ, Brent маркалы мұнайдың бір баррелі қазіргі 67 доллардан 66,5 долларға түсуі ықтимал.
Мұнай бағасына АҚШ-тың сауда саясатындағы белгісіздік, ОПЕК+ елдерінің өндірісті ұлғайтуы және АҚШ пен Ресей арасындағы Украинадағы соғысты реттеуге қатысты келіссөздер фонында Ресей мұнайын жеткізуге алаңдаушылықтың азаюы қысым көрсетіп отыр.