Жаңалықтар

ҰҚК Шекара қызметінің экс-басшысы Ділманов түрмеден босап шықты

Бұрынғы ҰҚК Шекара қызметінің басшысы, генерал-лейтенант болған Дархан Ділманов бостандыққа шықты. Ол Дариға Назарбаеваға қатысы бар делінетін фирманың мүддесін қорғағаны үшін сотталған еді.

2023 жылдың желтоқсанында сот оны қызметтік өкілетін асыра пайдаланғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырып, барлық атақ- марапаттарынан айырған. Тергеу дерегінше, 2020 жылы, карантин шектеулері кезінде, Ділманов «Eurotransit Cargo» ЖШС-не «Нұр жолы» өткізу бекетінде «жасыл дәліз» ұйымдастырған. Компания 1750 рейс жасап, 4 млрд теңгеден аса табыс тапқан, ал өзге тасымалдаушылар тоқтап тұрған.

БАҚ мәліметінше, бұл фирма Назарбаев әулетімен байланысты. Сот генералдың нарық пен мемлекетке залал келтірген монополия құрғанын анықтады. Онымен бірге сотталған тағы жеті адамның барлығы кінәсін мойындаған. Олардың кейбірі түрмеге қамалмай, тек мемлекеттік қызметтен шеттетілді.

Ділманов 2015–2022 жылдары Шекара қызметін басқарған және Кәрім Мәсімовтің командасынан саналған. 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін көп ұзамай қызметінен босатылып, сол жылдың жазында қамауға алынған.

Ол тергеу изоляторында өткізген уақыты есепке алынып, «мерзімін толық өтеді» деген негізбен босатылды. Шын мәнінде, ол шамамен 2,5 жыл қамауда болды.

Бұл — соңғы жылдары жемқорлық үшін сотталған ҰҚК Шекара қызметінің екінші басшысы. Бұрынғы жетекшісі Нұрлан Жұламанов пара алу және қылмыстық топ құрғаны үшін 11 жылға сотталған еді.