Қазақстан Ресейге болыса ма, әлде Украинаға ма? Тоқаев пен Зеленский телефон арқылы сөйлесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина басшысы Владимир Зеленскиймен әңгімесінде қазақстандықтардың украин халқының тарихына, мәдениетіне және тіліне деген құрметін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық құқық негізінде берік бейбітшілік орнатуға мүдделі екенін растады. Ол Астананың бастапқыдан-ақ әділ шешім формуласы мен БҰҰ Жарғысын, шекаралардың мызғымастығы мен мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау қағидатын қолдайтынын еске салды.
Тоқаевтың айтуынша, украин мемлекеттілігін сақтау үшін салмақты әрі парасатты әрекет ету маңызды. Президент Украина қауіпсіздігіне кепілдікті басты басымдық деп атап, аумақтық мәселелердің күрделілігі уақытша болса да келісімге келуді жиі тежейтінін айтты.
Тараптар сондай-ақ Қазақстан мен Украина арасындағы өзара мүдделі салалардағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
8 тамызда, Мәскеудің бастамасымен, Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен де сөйлесті. Әңгімеде Трамптың арнайы өкілімен болған келіссөздер нәтижелері және Украинадағы қақтығысты реттеу жайы сөз болды.
Зеленскиймен және Путинмен өткен бұл екі әңгіме Астананың тепе-тең дипломатиясын көрсетеді: Қазақстан екі тараппен де тіл табысып, халықаралық құқыққа берік ұстанымын және кез келген аннексияны мойындамау позициясын айқын білдіріп отыр.