Тікұшақ апатынан қаза тапқан майорды ақтық сапарға шығарып салды
Түркістан облысында 33 жастағы майор Нұржігіт Үйсінбаевты соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Әскери ұшқышпен қоштасуға туған-туыстары мен Қорғаныс министрлігінің өкілдері келді. Әскери оркестр әуенімен марқұм жерленді. Ұшқыштың отбасымен сөйлесіп, екі аптаға созылған іздестіру кезінде құтқарушылардың оның денесін қалай тапты, марқұмның туыстары не дейді?Orda.kz сайтына сілтеп назарларыңызға ұсынамыз.
Әскери қызметкердің денесі 9 тамызда Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінде 14 метр тереңдіктен табылды. Кешкісін ол Ленгерге жеткізіліп, туғандарына тапсырылды. Марқұмды өз туған жерінде жерледі.
Бала күнгі арман
Анасының айтуынша, Нұржігіт жас кезінен-ақ әскери ұшқыш болуды армандаған. Өмірін авиацияға арнады.
– Кішкентайынан әскерге баруды қалады. Өзі тәртіпті, бізді де соған үйрететін. Көкке самғауды армандап өсті. Әскери авиацияда күндіз-түні ұшып, мыңдаған сағат әуеде болды. Мамандықта үздік болды, техниканы ерекше жақсы көретін. «Анашым, ұшып жүргенде өзімді құстай сезінемін» дейтін. Әйелімен Алматыда тұрды. Кеше ғана арамызда еді, «Барып келемін, қарсы алыңыздар» деп кеткен. Мұндай боларын кім ойлаған... – дейді марқұмның анасы.
Нұржігіт Ленгерде туған. Екі баланың үлкені. Бірінші рет әскери оқу орнына түсе алмаса да, арманынан бас тартпай, 2010 жылы Ақтөбедегі әскери авиация институтының курсанты атанды. 2014 жылы лейтенант шенінде бітіріп, 11 жылын әскерге арнады.
«Вертолетін қатты жақсы көрді, сол техникамен кетті...»
Інісі Ержігіт Медетов ағасын соңғы ұшуы алдында өзі шығарып салғанын айтты:
– 2010 жылы оқуға түскенде қатты қуанған. Арманы еді. Вертолетін ерекше жақсы көрді. Сол техникамен өмірден өтті. Бет-жүзін таныдық, су астынан 15 күннен кейін ғана тапты. Адал, еңбексүйгіш, шыншыл, ішімдік пен темекіге әуестігі жоқ еді. Үлкен ұл ретінде отбасының тірегі болды, – дейді інісі.
Марқұм тікұшақ жанынан, су астынан табылған.
– Таңғы жеті шамасында біз сонда болдық. Водолаздар тікұшақты және бір адамды тапқанын айтты. Моргта өз көзіммен көріп, таныдым. Су астында кабинада емес, қасында болған. Қалай болғанын білмеймін. Бірақ түбінен көтергенін білемін, – дейді Ержігіт.
Тікұшақ 25 шілдеде Жамбыл облысында радардан жоғалған. Іздеу аумағы спутниктік деректермен анықталды. Келесі күні Сорбұлақ су бетінде май дағы мен сынықтар табылды.
Іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп, оған Қорғаныс министрлігі, ТЖМ, ІІМ және басқа да мекемелер қатысты. 9 тамызда экипаж командирі Нұржігіт Үйсінбаевтың, ал 10 тамызда тағы бір экипаж мүшесінің денесі табылды.
Апаттың себебі әлі анықталуда.