Жаңалықтар

Тазы мен төбетті ұлттық брендке айналдыру тапсырылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев World Dog Show 2025 дүниежүзілік көрмесіне қатысып, қазақы тазы тұқымының халықаралық аренада лайықты бағасын алғанын атап өтті. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі және баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Президент тазыны ұлттық бренд әрі мәдениетіміздің ажырамас бөлігі ретінде шетелде кеңінен таныту – баршаға ортақ міндет екенін баса айтты.

Осы мақсатта тазы тұқымын дамыту, оның бірегей қасиеттерін сақтау, жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және халықаралық көрмелерге тұрақты қатысу бағыттарында кешенді жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды. Бұл іске Қазақстан кинологтар одағымен бірге тиісті мемлекеттік органдар да белсенді қатысуға тиіс.

Мемлекет басшысы Іс басқармасы, Экология және табиғи ресурстар, Ғылым және жоғары білім, Ауыл шаруашылығы, Сыртқы істер министрліктері, басқа да құзырлы органдар мен жергілікті әкімдіктерге бірлескен жүйелі жоспар әзірлеп, қажетті ұйымдастыру шараларын қолға алуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев төбет тұқымын да ерекше қамқорлыққа алып, оны дамыту мен насихаттау бағытында дәл осындай ауқымды жұмыстар атқару міндетін қойды.