Шымкентте туа біткен ішек ақауымен туған сәби ота жасалып аман қалды
Шымкент қалалық перинаталдық орталығы дәрігерлері туа біткен ішек ақауымен дүниеге келген нәрестенің өмірін аман алып қалды.
41 аптада, 3450 грамм салмақпен ауыр халде туған сәби екі күнінде жансақтау бөлімінен тікелей ота үстеліне жеткізілген. Неонаталды хирургияның заманауи әдістерімен өткен күрделі операция 1,5 сағатқа созылды. Ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жоғары білікті мамандардың қатысуымен жасалған.
Орталықтың неонатолог-реаниматологы Ағзат Шолпанқұлованың айтуынша, дер кезінде жасалған хирургиялық араласу сәбидің өмірін сақтап қалуға себеп болған.
– Бала ішек ақауымен дүниеге келді. Диагноз нақтыланғаннан кейін бірден ота жасау туралы шешім қабылдадық. Мұндай күрделі операциялар нәрестелердің өмірін ұзартуға үлкен мүмкіндік береді. Сәби алдағы уақытта тұрақты медициналық бақылауда болады, – деді ол.
Биылдың өзінде Шымкент қалалық перинаталдық орталығында ішкі ағза патологиясымен туған 30-ға жуық жаңа туған нәрестеге күрделі операция жасалған. Әсіресе асқазан-ішек жолдарына жасалған оталардан кейін балаларға ерекше күтім мен бақылау қажет.