Әлем

АҚШ-пен келісім аясында Ресей Донбасс пен Қырымды өзінде қалдыруы мүмкін

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Ресей мен АҚШ Мәскеудің бақылауындағы аумақтарды заңдастырып, Украинадағы бірқатар өңірлерде шабуылды тоқтатуды көздейтін келісім бойынша сөйлесіп жатыр.

Мәліметке сай, сөз ДХР мен ЛХР және Қырым туралы болып отыр. Құжат екі ел президенті Владимир Путин мен Дональд Трамптың келесі аптада өтуі ықтимал кездесуі алдында дайындалуда.

Тараптардың жоспары бойынша келісім соғысты уақытша тоқтатып, атысты доғару және қақтығысты толық реттеуге бағытталған техникалық келіссөздер бастауға жағдай жасауы керек. Ресей әскері қазіргі майдан шебі бойында Херсон және Запорожье облыстарындағы шабуылды доғаруы тиіс деп болжанып отыр.

Bloomberg дереккөздері мәміле шарттары әлі түпкілікті бекітілмегенін және өзгеруі мүмкін екенін айтады. Мәскеу қазіргі қол астындағы кей аумақтардан, соның ішінде Запорожьедегі атом электр станциясынан, бас тартуға дайын ба – белгісіз.

Бүгін, 8 тамызда, Трамп Путинге бейбіт шешімге келу үшін берген жаңартылған мерзім аяқталады. Бұған дейін АҚШ басшысы бастапқыда 50 күн белгілеген, кейін оны 10–12 күнге қысқартқан еді. Егер келіссөздерде ілгерілеу болмаса, Трамп Ресейге және оның сауда серіктестеріне қосымша баж салығын енгізуге уәде берген.