Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Үйдің “үлкені” күтуші ме?

Желіде кең тараған бір бейне — қазақ қоғамындағы үнсіз, көрінбейтін, бірақ жылдар бойы қайталанып келе жатқан драманы қайтадан еске салды.

Үйдің “үлкені” күтуші ме?
Фото: ЖИ

Әлеуметтік желіде кең тараған видеода шамамен 13-14 жастағы қыз көз жасын тыя алмай, анасына: «Туа бермеші...» дейді. Қыздың жанына жайғасқан екі бүлдіршін — оның сіңлісі мен інісі болар. Оларға қарау, жұбату, киіндіріп, тамақтандыру — бұл да сол қыздың жауапкершілігі сияқты көрінеді. Басқалары рахаттанып демалып жүретінін, ал өзі үнемі бауырларына қарап жүретінін айтып налиды. Анасы бәрін видеоға түсіріп отыр. «Кейін сол бауырларыңның рахатын көресің» дейді.

Бұл бейнежазба тек сол отбасының ғана трагедиясы емес. Бұл — үйдің тұңғыш қызына артылатын көрінбейтін жүктің, ата-ана санасындағы қалыпты құбылыстың, қыз баланың ішкі күйзелісінің шынайы көрінісі.

«Сен үлкенсің, түсінші», «маған керексің» — тәрбиелік пе, әділетсіздік пе?

Қазақ қоғамында үйдің үлкені болу — құрмет емес, көбіне міндет пен мәжбүрлік. Әсіресе тұңғыш қыз бала болса. Қыз әлі балалықтың бал дәуренінен шықпай жатып, екінші ана рөліне қойылады. Түсте баланы ұйықтату, кешке тамақ беру, қонақ келгенде ас үйде көмектесу, қарындасы жыласа жұбату — мұның бәрі «сен бәрін түсінетін үлкенсің ғой» деген сөзбен ақтала береді.

Ата-ана тарапынан қамқорлық пен тәрбиелеу ниеті болғанмен, кейде бұл баланың бала болуға деген құқығын шектейді. Тұңғыш қыздар ерте есейеді, ал ішкі жан дүниесіндегі шаршау, қажу, реніш көп жағдайда сыртқа шықпайды. Олар үндемейді. Бірақ бұл үнсіздік — келісім емес.

Тұңғыш қыз — анасының көмекшісі ме, жеке тұлға ма?

Аталған видеодағы қыздың сөзі жүрекке ауыр тиеді. Оның анасынан: «Туа бермеші» деп сұрауы — бұл өзімшілдік емес, ішкі дауыстың сыртқа шығуы. Ол шаршаған. Ол балалықтың қамсыз күйін аңсайды. Ол өз өмірін сүргісі келеді.

Көп жағдайда ата-аналар тұңғыш балаларын «психологиялық тірек» ретінде пайдаланады. Көмектесер, қадағалар, қарар деген сенім бар. Бірақ бұл сенім сол баланың қалауын, ішкі жағдайын ескерусіз қалдырады. Осылайша қыз бала анасының рөлін өзіне еріксіз жүктеп, кейде өмір бойы сол «тәрбиелеуші» бейнесінен шыға алмай жүреді.

Бір ғана бейне — мыңдаған үнсіз қыздың тағдыры

Бұл бейнені көрген әрбір тұңғыш қыз — өз балалық шағын еске алған шығар. Бірі інісін арқалап мектепке барған шығар, бірі ойыншық емес, жөргек ұстаған шығар, бірі сабағын емес, баланың жылағанын уайымдаған болар.

Ал осы қыздардың анасы болған әйелдер де кезінде осылай өскен шығар. Яғни бұл — қайталанып келе жатқан әлеуметтік сценарий. Өзгермейтін ескі үлгі.

«Бәріміз солай өстік. Жаман болған жоқпыз» – бұл ақтау ма, әлде үнсіз күрестен қалған қорған ба?

Бейнежазба жарияланған сәттен бастап пікір жазғандардың ішінде мынадай ой жиі кездесті:
«Ой, осындай видеоны жариялап, ұялтып қайтесіңдер? Бәріміз де үйдің тұңғышы болдық. Бауырларымызға қарадық. Сонда не болды? Жаман болған жоқпыз ғой».

Бірақ бұл сөздің астарында жақсы естелік емес, керісінше шырмалған естеліктерді жоққа шығару жатыр. Өйткені сол адамдар да кезінде ойынға шыққысы келген, бірақ інісін тербеткен. Ұйықтағысы келген, бірақ қарындасының жылауынан ұйықтамаған. Бала болғысы келген, бірақ ата-анасының оң қолы, үйдің келіні, тәртіп сақшысы болған.

Олар сол кезде бұған қарсы тұра алмады. Себебі, «Бала баққаның үшін саған күнә жазылмайды» деп бала көңілін "пайдаланды", енді бірі «Сен үлкенсің» деді.

Сөйтіп олар үндемеді. Бірақ бұл үнсіздік – разылық емес еді.

 

Ең өкініштісі – осындай ауыр естеліктерді баласына да қайталау.
«Маған да оңай болған жоқ, мен де қарадым. Балам да қарап үйренсін» деген ой – тәрбие емес, ауырлықты мұраға қалдыру.

Шын әділет — балам мен көргенді көрмесе екен деп, өткеннің ауырлығын қайталамауға тырысу. Ата-ананың міндеті – баланың өмірін қайталамау, жақсарту.

Сөз соңында

«Бәріміз де солай өстік» деген сылтаудың артында жасырын сезімдер мен өкпе-реніш жатыр. Бізге енді оларды ақтау емес, түсіну керек. Түсіне отырып, келесі ұрпаққа басқа жол ұсыну керек.

Үйдің тұңғыш қызы – күтуші емес. Ол да бала. Ол да өз өмірін сүргісі келеді.
Ол анасының жалғасы емес, өз алдына тұлға.

Әр бала – жеке тұлға. Ол үлкен не кіші болуына қарамастан, өзінің жасына сай өмір сүруге құқылы.

«Туа бермеші...» — бұл жай сөз емес. Бұл — қоғамға, ата-анаға, тәрбие жүйесіне қойылған сұрақ. Бұл — «мені де бала ретінде қабылдаңдаршы» деген үнсіз айқай.

Жауап береміз бе, жоқ па — ол бәрімізге сын.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату