Жаңалықтар

Бірлік бар жерде тұрақтылық та бар

Бірлік бар жерде тұрақтылық та бар, - деп хабарлайды newsroom.kz

Бүгінде әлемнің әр түкпірінде болып жатқан әлеуметтік және саяси шиеленістер, этностық және діни қақтығыстар Қазақстан үшін бірлік пен тұрақтылықтың қаншалықты маңызды екенін айқындай түсуде. Біздің елде этносаралық және конфессияаралық қатынастар мемлекеттік деңгейде реттеліп, әрбір азаматтың құқығы мен ар-намысы қорғалады. Мемлекет ұлт пен ұлыс атаулыны бір мүдде – тәуелсіз Қазақстанның болашағына қызмет ету идеясы аясында топтастыруда.

Саяси тұрақтылықтың сақталуы – қоғамның билікке деген сенімінен де туындайды. Бұл ретте «тыңдай білетін мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықтың пікірін ескеру, диалог алаңдарын кеңейту, азаматтық қоғам институттарымен байланыс орнату маңызды рөл атқарады.

Бірлік пен тұрақтылық идеясы тек өткенмен шектелмей, жас ұрпақтың санасына да сіңірілуі тиіс. Мектептерде патриоттық тәрбие, тарихи сана мен мәдени мұраны құрметтеу арқылы жас буынды ұлттық бірлік рухында тәрбиелеу қолға алынған. Бұқаралық ақпарат құралдары, өнер, әдебиет пен кинематография – бірлік пен тұрақтылықты насихаттаудың қуатты құралдарына айналып отыр.

Жастардың мемлекетке деген сенімі мен жауапкершілік сезімі арта түсуі үшін олардың бастамаларына қолдау көрсетіп, әлеуметтік лифтілер жүйесін дамыту қажет. Себебі жастар – бірлік пен тұрақтылықты сақтай отырып, жаңа Қазақстанды қалыптастыратын негізгі күш.

Бірлік пен тұрақтылық – Қазақстанның мемлекеттік дамуының берік тірегі. Бұл құндылықтарсыз әлеуметтік-экономикалық жаңғыру да, саяси реформалар да мүмкін емес. Мемлекет пен қоғам бірлесіп, осы құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, оны өмір салтына айналдырған жағдайда ғана еліміз жаңа жетістіктерге жетеді. Қазақстанның болашағы – бірлігі бекем, тұрақтылығы мығым ел болуында.