Технология

Камераның қажеті болмай ма? Wi-Fi  адамды жүрісінен, мүсінінен, тіпті ішкі мүшелерінен таниды

Итальяндық ғалымдар Wi-Fi арқылы адамды бақылауға мүмкіндік беретін технология жасап шығарды. Римдегі Ла Сапиенца университетінің зерттеушілері WhoFi деп аталатын жүйені таныстырды. Бұл жүйе Wi-Fi сигналдары мен нейрожеліні пайдаланып, адамның «сандық бейнесін» жасайды. Оның көмегімен адамды жүріс-тұрысынан, дене пішінінен, тіпті ішкі мүшелерінің орналасуына қарап ажыратуға болады. Технология 95,5% дәлдікпенжұмыс істейді, тіпті киім ауыстырсаңыз немесе жүрісіңіз өзгерсе де тануға қауқарлы.

Wi-Fi толқындары қабырғадан, жаңбырдан, ағаштан да өте алады, әрі камерадан айырмашылығы — тек сыртқы бейнені емес, дене құрылымының ішкі элементтерін де «көре» алады. Бұл әр адамға тән қайталанбас "сандық із" қалыптастырады. Мұндай "цифрлық қолтаңбаны" қолдан жасау мүмкін емес дейді ғалымдар.

«Wi-Fi сигналына жаңбыр да, қабырға да, ағаш та кедергі бола алмайды. Яғни адамды кез келген ортада тануға болады», – делінген arXiv порталына жарияланған ғылыми мақалада.

WhoFi әзірге академиялық жоба саналады. Бірақ бұл технологияның бақылау құралына айналуынан қауіптенетіндер де бар. Камерадан айырмашылығы – мұндай жүйені байқап, одан қашып құтылу қиын. Егер жүйе кеңінен таралса, адамды бет-әлпетінсіз, камерасыз, рұқсатынсыз-ақ бақылауға мүмкіндік туады — Wi-Fi сигналына ілігіп қалсаңыз болғаны.

Ғалымдар бұл әзірше коммерциялық мақсатта қолданылмайды деп сендіріп отыр. Алайда тәжірибе көрсеткендей, бақылау технологиялары жаппай қолданылуға әлдеқашан кірісіп кеткенде ғана жария етіледі.