Татулық пен тұрақтылық – мемлекеттің іргетасы
Татулық пен тұрақтылық – мемлекеттің іргетасы
Қоғамдағы бірлік пен тұрақтылық – кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуінің басты шарты. Қазақстан үшін бұл құндылықтар тек бейбіт күн мен тыныш тірліктің кепілі ғана емес, сонымен бірге ел болашағының стратегиялық негізі саналады. Әсіресе, көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет жағдайында тұрақтылық пен татулықтың сақталуы – тәуелсіздік жетістіктерінің басты тетігіне айналды. Соңғы отыз жылдықта Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісім саясатын дәйекті жүргізіп, аймақтық және жаһандық тұрақтылықтың үлгісін көрсетіп келеді.
Қазақстанда жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп жатыр. Бұл – әлемде сирек кездесетін ерекше қоғамдық модель. Елдегі түрлі этностардың мәдениеті, тілі, діні мен салт-дәстүрі заңмен қорғалған. Бұл ұстаным – Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді бірегей институттардың қызметі арқылы нақты жүзеге асып отыр.
Ассамблеяның басты миссиясы – этностар арасында өзара сенім мен құрметті нығайту, мемлекеттік тіл мен азаматтық бірегейлікті қалыптастыру. Осылайша, бірлік қағидаты ұлттық идеяның өзегіне айналып, Қазақстан халқының ортақ тарихи тағдыры мен жауапкершілігін ұғынуға жол ашты.
Тұрақтылық – экономикалық өсім мен әлеуметтік прогрестің алғышарты. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы іргелі реформалары да дәл осы тұрақтылықтың арқасында жүзеге асты. Саяси жүйені жаңғырту, құқықтық мемлекетті қалыптастыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту, инвестиция тарту және инфрақұрылымды дамыту – барлығы да тұрақты қоғамдық-саяси ортада ғана мүмкін.
Қазақстанның бейбіт сыртқы саясаты, халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтастығы және Орталық Азиядағы тату көршілік қатынастары ел ішіндегі тұрақтылықты бекемдеуге ықпал етіп келеді. Бұл – ішкі және сыртқы саясаттың үйлесімділігін көрсететін нақты мысал.