«Ғылым таппай мақтанба...»
«Ғылым таппай мақтанба...»
ашық дереккөзі
Ғылым – руханияттың көзәйнегі. Кез келген жаратылыс жұмбағының ішкі астарына үңіліп, жан құпиясын жарыққа шығаратын сана биігіндегі толғам. Алып ақыл иесі Абай атамыз «адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деп тәпсірлейді.
Осы бір өрісті сөздің көлеңкесіне тығылсаңыз, алдыңыздан ақтабан жол шыққандай асыға жүргіңіз келеді. Барлық игіліктің ұшар басында ғылымның тұрғанын аңдайсыз. Расында биыл әл-Фараби мен хакім Абайдың мерейтойының қатар келуі сүт бетіндегі қаймақтай уақыт қазанында қалқып шыққан ұлттың іңкәр талабын көрсететіндей. Дәуір келбетін даналықпен бояған әл-Фараби – көшпелі қоғамда туып, өркениет теориясын енгізіп, заманауи мемлекеттердің негізін қалауға тірек болатын мәдениеттердің дегдар болмысын түзіп, Еуропадағы ренессанстың негізін қалаған адамзаттық өредегі тұлға. Ал «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» деп алаш арыстарының санасын сілкіндіріп, ұлттық оянудың бастауына айналған абыз Абай да ғасырлар бойы көз жазып қалған сол құндылықты қайта қалпына келтіру үшін жанұшыра харекет қылған дала данышпаны.
Осы екі алыптың арасын жалғап жатқан мың жылдыққа үңіліп көрелікші. Ағайынның алауыздығынан іргесі сөгіліп, ту-талақайы шыққан Алтын Орда кезінен кейін бір бұйымы бір елге мұра болған білімпаздардың елесі ғана қалды. Қазақ хандығы шаңырақ көтерген алмағайып тұста Еуропада үлкен ғылыми жаңалықтар жасалып, Америка құрлығы ашылып жатты. Батыс технологиялық төңкерістер арқылы ғылымның өрісін кеңейткен кезде алапат апаттардан көз ашпаған ұлы дала керуенге ілесе алмай, көштің соңында қалды. Ақылман ақын бір ғасыр бұрын «шығысым батыс боп кетті» дегенде осыны меңзеген болар, бәлкім. Міне, кеше ғана жаңа құрлықтың қарапайым тұрғыны Илон Масктің жеке компаниясы ғарышқа қадам басты.
Өйткені, өркениетті елдерде ғалымдарға айрықша құрмет көрсетіледі, олардың еңбегі жоғары бағаланады. Мемлекеттің ғылымға деген көзқарасы оның ішкі жалпы өнімнің ғылымды дамытуға бөлінетін қаражатының пайыздық деңгейімен өлшенеді десек, ғылымға ең көп қаражат бөлетін Израиль – 4,6%, Швеция – 4%, Жапония – 3,4%, АҚШ – 2,7%, Германия – 2,5%, Ресейде – 1,25% болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 0,13%-ы ғана екен. Халықаралық академиялық кеңестің ұйғарымы бойынша мемлекеттің ғылым саласына бөлетін қаржысы ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызынан артық болса ғана ғылым дамитын көрінеді.
Осыған байланысты болса керек, Ұлттық сенім кеңесінің үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа ахуалда білім мен ғылым жүйесін түбегейлі реформалау қажеттігін баса айтты. Елімізде бұл салаға бөлінетін қаржының жеткіліксіз екенін, сондықтан 2025 жылға дейін білімге бөлінетін қаражаттың алты есе, ғылымға бөлінетін қаражаттың жеті есе өсетінін жеткізген Президент білім ошақтарына қатысты бәтуалы сөз айтып, байламды бағдар берді.
Алқалы жиында айтылған тілге қатысты тапсырма да көкейге қонды, көңілден шықты. Мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін барынша арттыруға шақырған Қ.Тоқаев Еуропа елдерінің тәжірибесіне назар аудара отырып, Тіл комитетін Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткізуге шешім қабылдады. Бұрын арагідік айтылып жүрген жайт еді, шешімін тапқанына қуанып қалдық. Расында тілді зерттейтін – ғалымдар, оқытатын – ұстаздар, оқитын – студенттер мен мектеп оқушылары. Бұлардың бәрі Білім және ғылым министрлігінің құзырына қарайды. Комитеттің ономастика, терминология, тіпті латын әліпбиіне қатысты жұмыстарын да ғалымдар атқарады. Сондықтан тіл саясатын ғылыми тұрғыда пайымдап, жүйелі жүргізу үшін бұл шешім маңызды қадам болды деп есептейміз.
Тілге қатысты айтпай кетуге болмайтын мәселенің бірі, Тіл туралы заңның 23-бабында «мемлекеттiк тiлді біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі заңмен белгіленеді» делінген. Кез келген тілдің көсегесін қажеттілік көгертетінін ескерсек, осы толғақты мәселенің түйіні тарқаса, қазақ тілі де ұлтаралық тілге айналар күн алыс емес деп ойлаймыз.
Әл-Фараби мен Абай жылында әлемдік кеңістікке жол ашқан кемеңгер тұлғаларымыздың суретіне қарап, сүйсініп отыра бермей, ғылым мен білімге ден қою арқылы олардың аманатын жүзеге асырғанымыз абзал болар.
Автор: Дархан Қыдырәлі