Ұлттық қордың құлдырауы: Жарты жылда 2 трлн теңге қайда кетті?
2025 жылдың алғашқы тоқсанында Ұлттық қор қаржысын инвестициялау нәтижесінде Ұлттық банк 584,4 миллиард теңге көлемінде шығынға ұшырады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің 1 шілдедегі есебінде айтылған. Екінші тоқсанға қатысты деректер әзірге жарияланған жоқ.
Жыл басында Ұлттық қорда 34,7 трлн теңге болған, ал алты айдан кейін бұл сома 32,8 трлн теңгеге дейін азайған — яғни 2 триллион теңгеге жуық қаражат кеміген.
Алты айдағы түсім көлемі – 1,23 трлн теңге. Оның ішінде мұнай секторынан түскен салықтар – 1,8 трлн теңге, ал инвестициялық кіріс – минус 584,4 млрд теңге.
Жарты жылда қордан алынған қаржы көлемі 3,1 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде:
- 2 трлн теңге – бюджет тапшылығын жабуға бағытталған кепілдендірілген трансферт;
- 1,1 трлн теңге – ұлттық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыруға арналған нысаналы трансферт.
Тек маусым айында Ұлттық қордан 500 млрд теңге трансферттерге жұмсалып, мұнай секторынан бар болғаны 43 млрд теңге түскен. Инвестициялық шығындарды ескерсек, бір ай ішінде қор 1 трлн теңгеге азайған.
Айта кетейік, 2024 жылдың қазанында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қордан алынатын қаржы көлемі түсімнен асып кетіп жатқанын ескерткен болатын. Ол кезде инвестициялық кіріс Ұлттық қорды «амалдап» ұстап тұрған. Сол жылы инвестициялық табыс 7 трлн теңгеге жуық болған еді.
Ұлттық қор активтерін басқарумен Ұлттық банк айналысады. Қор қаражаты түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады. Дегенмен, бұл инвестициялар нақты қайда бағытталып жатқаны туралы ашық дерек жоқ. Ұлттық банк жуырда бұл мәліметтерді жариялауға уәде берді.
2024 жылы Ұлттық қордан алынған трансферттер көлемі 5,6 трлн теңге болса, 2025 жылға жоспарланған сома — 5,3 трлн теңге.