Қаржы

Ұлттық банк теңгені құтқару үшін 125 миллион доллар жұмсады

Қазақстан Ұлттық банкі теңгенің күрт әлсіреуіне жол бермеу үшін 125,6 миллион доллар көлемінде валюталық интервенция жүргізген. Бұл туралы реттеуші орган валюта нарығына қатысты шолуда мәлімдеді.

Ресми мәліметке сәйкес, шілде айында теңге долларға шаққанда 4 пайызға әлсіреп, 1 доллар 540,72 теңгеге жеткен. Осы аралықта KASE-дегі сауда көлемі 5,7 миллиард доллар болған.

Сонымен қатар Ұлттық қордан өткен айда 700 миллион доллар сатылған. Бұл қаржы мемлекеттік бюджетті жабуға және Талдықорған – Үшарал газ құбырының құрылысына бағытталған. Тамыз айында тағы 400–500 миллион доллар сату жоспарланып отыр. Бұған қоса, «айна мәмілесі» аясында 290 миллиард теңгеге шетел валютасы өткізіледі.

«30 шілде күні валюта нарығындағы өтімділік тым азайып, алыпсатарлық қысым артқан сәтте Ұлттық банк 125,6 миллион доллар көлемінде интервенция жүргізді. Бұл әрекет спекулятивті сұранысты басып, нарықтағы өтімділікті қалпына келтіруге мүмкіндік берді», — делінген банктің хабарламасында.

Сонымен қатар шілдеде зейнетақы қорына 35 миллион доллар сатып алынған. Алайда тамызда мұндай операция жоспарланбай отыр, себебі қазіргі бағам жағдайында БЖЗҚ-ның шетел валютасындағы активтері жоспарлы межеден (40%) асып тұр.

Айта кетейік, осы мәлімдемеден кейін доллардың бағамы 540,72 теңгеге дейін төмендеді.