Әлем

Трамп Ресей мен Үндістан экономикаларын «өлі» деп атады

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен әріптестігі үшін Үндістанға әлеуметтік желіде шүйлікті, деп хабарлаймыз Financial Times-ке сілтеп.

«Үндістанның Ресеймен не істейтіні мені қызықтырмайды. Екеуі бірігіп өздерінің өлі экономикаларын құлдырата берсін, оған бас қатырар жайым жоқ. Біз Үндістанмен іскерлік байланыс орнатпаймыз – олардың кедендік тарифтері әлемдегі ең жоғары деңгейде», – деді Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында.

Сондай-ақ 1 тамыздан бастап АҚШ Үндістаннан келетін тауарларға 25 пайыздық кедендік баж салығын енгізуді жоспарлап отыр. Бұған себеп – Вашингтон Нью-Делидің Ресейден мұнай мен қару-жарақ сатып алуды жалғастыруына наразы.

Айта кетейік, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 129 млрд долларға жеткен.