Қазақтар тамақты неге үйде ішпейді? Тамақтану орындарының табысы шарықтапты
Соңғы бір жылда Қазақстанда қоғамдық тамақтану орындарының саны күрт өсті. 2024 жылдың дерегіне сүйенсек, елімізде 16 674 мейрамхана, кафе, асхана жұмыс істеп тұр. Бұл былтырмен салыстырғанда 5,4 пайызға көп. Мәселен, 2023 жылы мұндай орындардың саны 15 826 болған.
Тамақ ішетін орындардың ең көп шоғырланған қалалары – Алматы (2 427 нысан) мен Астана (2 252 нысан). Үшінші орында – Қарағанды облысы (1 333 нысан).
Кафелердің саны бір жылда 16 пайызға өсіп, 5 202-ге жеткен. Асханалар да көбейіп, 5 383-тен 5 618-ге артқан. Ал мейрамханалар саны бір жыл ішінде сәл ғана өсіп, 2 358-ді құраған. Бұл – отбасылық демалысты немесе мерекелік басқосуды сыртта өткізетін қазақстандықтар көбейіп келе жатқанын білдіреді.
Қалалар бойынша:
- Астанада мейрамханалар – 524,
- Алматыда – 446,
- Ақтөбе облысында – 161.
Ал кафелер бойынша көш бастап тұрған үштік:
- Астана – 643,
- Алматы – 618,
- Қарағанды облысы – 589.
Жалпы, қоғамдық тамақтану саласы 2024 жылы 1,5 трлн теңге табыс тапқан. Бұл – әрбір нысанға шаққанда шамамен 90 миллион теңге деген сөз.
Осы мәліметтерге қарасақ, қазақстандықтар үйде ас ішкеннен гөрі, сырттағы тағамға көбірек сенетін секілді. Ал бұл көрсеткіш қоғамдық тамақтану бизнесінің бұрын-соңды болмаған серпінмен өсіп жатқанын айғақтайды.