Әлем

Камчаткада болған сұмдық жер сілкінісі жайында не белгілі?

30 шілде түнінде Камчаткада аса күшті жер сілкінісі болды – әртүрлі деректер бойынша оның магнитудасы 8,7-ге жеткен,- деп хабарлайды newsroom.kz

Камчатка филиалының ФИЦ ЕГС РАН Telegram-арнасында жер сілкінісінің Петропавл-Камчатскийден 149 шақырым қашықтықта, 17 км тереңдікте болғаны айтылды. Алғашқыда магнитудасы 7,1 деп көрсетілген еді.

Біріккен геофизикалық қызмет филиалы бұл жер сілкінісін Камчатка сейсмофокалды аймағындағы 1952 жылдан бергі ең күшті зілзала деп атады. Әртүрлі бағалаулар бойынша магнитудасы 8,7-ге дейін жеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, Петропавл-Камчатскийдегі сілкініс күші кемінде 6 баллды құрады. Бұл 20 шілдедегі көрсеткіштен жоғары, бірақ мұндай магнитуда үшін күтілген деңгейден төмен. Геофизикалық қызмет бұл жағдайды ошақтық процестің ерекшеліктерімен байланыстырады.

Цунами қаупі жарияланды. Камчатка жағалауында, әсіресе Солтүстік Курильск ауданында, күшті цунами байқалды. Сонымен қатар, Петропавл-Камчатскийде сезілетін күшті афтершоктар жалғасып жатыр. Қызмет мамандарының айтуынша, сезілетін афтершоктар кем дегенде бір айға дейін созылады.

Алдын ала болжам бойынша, магнитудасы 7,5-ке дейін жететін күшті афтершоктар болуы мүмкін, олар Петропавл-Камчатскийде 5-6 балдық дүмпулерге және қауіпті цунамилерге әкелуі ықтимал. Сарапшылар жақын күндері Авачин шығанағы жағалауына, әсіресе Халактыр жағажайына, Англичанка шығанағына, Приливное көліне және басқа да аймақтарға бармауға кеңес береді. Қазіргі уақытта КФ ФИЦ ЕГС РАН барлық жедел қызметтері төтенше жағдай режимінде жұмыс істеп жатыр.