Жоғалған тікұшақтың бөліктері мен экипаж мүшелері әлі табылмай жатыр
ҚР Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Даурен Косанов 25 шілдеде радардан жоғалып кеткен Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағын іздеу жұмыстары жүріп жатқан Сорбұлақ көліндегі операция барысын бақылауға келді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрге қазіргі жағдай жөнінде Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Асқар Избасов баяндады. Оның айтуынша, көл түбінің лайланып кеткені, күрделі бедері мен әркелкі тереңдігі, су астындағы көріністің нөлге тең болуы іздеуді қиындатып отыр.
– Соған қарамастан, тікұшақ бортына отырғандардың барлығын табу мақсатындағы кең ауқымды іздестіру-құтқару операциясы күндіз-түні тоқтаусыз жүріп жатыр, – деді Избасов.
Сорбұлақ маңында министр Даурен Косанов экипаж мүшелерінің жақындарымен кездесіп, қолдау білдірді. Ол іздестіру жұмыстары толық нәтиже бергенше жалғасатынын айтты.
– Біз соңына дейін барамыз. Қанша уақыт қажет болса да іздейміз. Қайғы жұтқан отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Жақындарымен күн сайын байланыстамыз. Қайғылы жағдайдың себебін анықтау және экипаж мүшелерін табу үшін барлық күш жұмсалуда, – деді министр.
Экипаж командирі Медет Ержігіттің ағасының айтуынша, тікұшақтағы ұшқыштардың туыстары күн сайын таңнан кешке дейін штаб маңында жүр. Олар іздеу топтарымен бірге Сорбулақты тікұшақпен шолып шыққан, бірақ әуеден айтарлықтай із байқалмаған.
Бұған дейін, 25 шілде күні Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери тікұшақпен байланыс Отар аумағында үзіліп кеткенін және тікұшақ бортында үш экипаж мүшесі болғанын айтқанбыз.
Сондай-ақ, екі экипаж мүшесінің мәйіті табылғанын, екеуі әлі іздестіріліп датқанын да хабарлағанбыз.