Қоқыстан – қорғанысқа: ШҚО ғалымдары өндірістік қалдықтардан жаңа буын жабындар жасап жатыр
Шығыс Қазақстандағы Amanzholov University ғалымдары өндірістік қалдықтарды қорғаныш материалдарына айналдыруда. Бұл экология мен өнеркәсіпке бірдей тиімді авторлық жобаға грант бөлініп, тәжірибелік жұмыстар басталып кеткен.
Жобаны физика және технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлсім Бектасоважетекшілік ететін ғылыми топ жүзеге асырып жатыр.
«Біз өндірістен шыққан қалдықтарды қайта өңдеп, оларды берік әрі экологиялық жабындарға айналдырамыз. Бұл – ғылым мен өндірісті жақындатудың нақты қадамы», – дейді зерттеу авторы.
Жоба не нәрсені көздейді?
Ғалымдар қалдықтарды газотермикалық шашу әдісі арқылы өңдеп, жоғары төзімділікке ие жаңа буын жабындар жасауда. Зерттеу үш негізгі бағытты қамтиды:
- Күріш қауызынан алынатын кремний диоксиді (SiO₂) негізінде биокомпозитті материалдар әзірлеу;
- Шыны өндірісі қалдықтарынан – шыны-керамикалық жабындар жасау;
- Күнбағыс қауызынан және көмір ұшпа күлінен алынатын қосылыстар арқылы легирленген, коррозияға төзімді жабындар дайындау.
Мұндай жабындар жоғары температураға, коррозияға және механикалық жүктемеге төтеп бере алады. Олар болашақта машина жасау, құрылыс, энергетика сияқты салаларда кеңінен қолданыс табуы мүмкін.
Халықаралық әріптестік те қарастырылған
Amanzholov University жақында Малайзияның екі жетекші жоғары оқу орнымен – Universiti Sains Malaysiaжәне Sultan Idris Education University жас зерттеушілерімен бірлесіп жұмыс жүргізуді көздеп отыр. Мұндай серіктестік жобаны халықаралық деңгейде дамытып, тәжірибе мен білім алмасуға жол ашады.