Жаңалықтар

Трамп Путинге Украинамен бітімге келу үшін 12 күн уақыт берді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жөніндегі келісімге келу үшін Владимир Путинге 10–12 күн уақыт бергенін айтты. Бұл туралы ол Шотландияға сапары кезінде журналистермен сұхбатында мәлімдеді.

Трамп өзінің Ресей басшысына наразы екенін тағы қайталап, бұған дейін берген 50 күндік мерзімді қысқартатынын жеткізді.

«Бұрын 50 күн уақыт бергенмін, енді оны 10–12 күнге дейін қысқартамын деп шештім. Бүгіннен бастап есептеледі. Күтіп отырудың мәні жоқ. Мен кеңпейіл болғым-ақ келеді, бірақ қазіргі жағдайға қарасақ, ешқандай ілгерілеу байқалмайды...» – деді Трамп.

Бұл мәлімдемесін ол Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездесуі кезінде де қайталады.

Айта кетейік, бұған дейін Трамп Ресеймен келісімге келмесе, АҚШ ресейлік өнімдерге 100 пайыздық кедендік салық енгізетінін ескерткен болатын.

Ал Стамбулда өткен Ресей мен Украина өкілдерінің соңғы келіссөзі бітім жайлы нақты нәтижесіз аяқталды.