Жеке сектор бәсеңдеп, мемлекет күшейді
Halyq finance-тың айтуынша, инвестициялардың негізгі көзі – шаруашылық субъектілерінің өз қаржысы. Дегенмен олардың үлесі 2024 жылғы 71,9%-дан 2025 жылы 64,6%-ға дейін азайған. Керісінше, бюджет қаражатының үлесі 14,6%-дан 21,9%-ға дейін өсті. Ал банктік несиелердің үлесі төмендеп, бұл жалпы инвестиция көлемінің қарқынына кері әсер етіп отыр.
Айта кету керек, «жеке қаражат» ретінде көрсетілетін кей инвестициялар шын мәнінде мемлекеттік компанияларға тиесілі, яғни квазимемлекеттік сипатқа ие.
Қай салалар алда келеді?
2025 жылы ең көп инвестиция тартқан сала – өңдеуші өнеркәсіп. Бұл салаға салынған инвестиция 48,9%-ға артты, ал жалпы инвестиция көлеміндегі үлесі – 12,4%. Әсіресе, химия өнеркәсібі (+79,4%), азық-түлік өндірісі (+48%) және кокс саласы (+167,5%) қарқынды дамыды. Электр және сумен жабдықтау салаларында да өсім байқалды – тиісінше 49,6% және 49,9%.
Керісінше, тау-кен өндірісіндегі инвестиция төмендеуді жалғастырып жатыр: 2024 жылы 31% кеміп, 2025 жылдың алғашқы жартысында тағы 17,9%-ға қысқарды. Бұл Теңіз кен орнын кеңейту сынды ірі жобалардың аяқталуымен байланысты.
Басқа салалардағы жағдай қандай?
Көлік және логистика: инвестиция 16,2% өсті.
Ауыл шаруашылығы: 2024 жылы 24,5% төмендеген болса, 2025 жылы қайта қалпына келіп, 26,5% өсті.
Жылжымайтын мүлік секторы: инвестиция үлесі – 19,8%, өсім – 11%. Бірақ бұл сектор экономиканың ұзақ мерзімді дамуына айтарлықтай әсер етпейді.
Білім беру: 3,5 есе өсті. Бұл мектеп құрылысына бағытталған мемлекеттік бағдарламалармен байланысты.
Қаржы қайда жұмсалды?
67,4% – ғимараттар мен құрылыстарға.
28,2% – жабдықтарға. Бірақ бұл көрсеткіш 10,6%-ға төмендеген. Себебі – шикізаттық жобалардың аяқталуы және технологиялық жаңғыртудағы баяулық.
Басты мәселелер мен кедергілер
Мемлекеттің инвестициялық процестегі үлесі артып отыр, бірақ бұл тұрақты даму кепілі емес.
Бюджет мүмкіндігінің шектеулі болуы – мемлекеттік инвестицияны ұлғайтуды тежейді.
Жеке сектор белсенділігі төмен. Бұған жоғары инфляция, теңгенің тұрақсыздығы және қатаң ақша-несие саясаты әсер етеді.
Банктер инвестициялық жобаларды қаржыландыруға сақ қарайды.
Қарыз жүктемесі жоғары және жақсы дайындалған жобалар аз.
Қорытынды
2025 жылы Қазақстанда инвестиция көлемі артқанымен, оның негізгі қозғаушысы – мемлекет. Ал жеке сектор сақтық танытып отыр. Болашақта тұрақты өсу үшін инвестициялық климатты жақсарту, институционалдық кедергілерді азайту және қаржыландыру көздерін әртараптандыру қажет.